Қоғам • Бүгін, 18:23

ІІМ мектепте жол ережелері сабақтарын міндетті пән ретінде енгізуді ұсынды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда балалардың жолдағы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

ІІМ мектепте жол ережелері сабақтарын міндетті пән ретінде енгізуді ұсынды

Фото: Ашық дереккөз

Оның айтуынша, жол-көлік жарақаттарының алдын алу мақсатында жүргізіліп жатқан акциялармен қатар, балалардың жолдағы қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру мәселесі де маңызды болып отыр. Осы ретте қазақстандық тәжірибе халықаралық тәжірибемен салыстырылып, айырмашылықтар анықталды. Негізгі мәселе – мектеп бағдарламаларында жол қозғалысы ережелерін оқытуға бөлінген сағаттың тым аздығы.

Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі мектеп бағдарламасына жол қозғалысы ережелерін жеке, міндетті пән ретінде енгізуді ұсынып отыр.

«Өз кезегінде, мұндай сабақтар арқылы жолдарда заңға бағынатын мінез-құлық нормаларын сіңіріп, өзі жүргізуші болған кезге дейін есейген сайын жол қауіпсіздігіне жағымды әсер етеді. Балалардың жол көлік жарақатының алдын алуда ең мықты құралдардың бірі – жас жол инспекторлар жасағының қызметін ұйымдастыру. Дүниежүзінің көптеген елінде мектеп оқушыларын жол қауіпсіздігі мәселелеріне тарту идеясы ұзақ уақыттан бері білім беру және қоғамдық мәдениетінің бір бөлігіне айналып келеді. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай бастамалар жолдағы жарақат қауіпін төмендетеді және өскелең ұрпақ арасында азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастырады», деді Қайсар Сұлтанбаев.

Қазақстан да өз моделін біртіндеп қалыптастырып келеді. Мәселен, осы айдың басында Өскеменде Ғ.Байтасов атындағы XX республикалық және мемлекетаралық слёт ұйымдастырылып, оған еліміздің барлық аймақтарынан және Қырғызстаннан 200-ден астам оқушы қатысқан. Дегенмен, бұл көрсеткіштің артында әлдеқайда ауқымды қозғалыс тұр. Еліміз бойынша 70 мыңнан астам бала жас жол инспекторларының қатарына тартылған. Бұл Қазақстандағы 3,5 миллион оқушының аясында өте маңызды үлес.

«Мұндай жобалар қауіпсіздікке тікелей әсер етеді. Қазақстандағы жас жол инспекторлар қозғалысы – бұл мектептегі үйірме ғана емес. Бұл жасөспірімдерді әлеуметтік маңызды қызметке тартудың формасы, онда әр бала интерактив және ойын форматында жол ережелерін үйренеді, жауапкершілік сезімін дамытады және өз құрдастары арасында қауіпсіз мінез-құлық мәдениетінің көшбасшысына айналады», делінген хабарламада.

Vision Zero жаһандық тұжырымдамасы бойынша, 2050 жылға қарай жол апатынан болатын бала өлімін толық жою мақсаты қойылған.