Өтінімдер 30 сәуірге дейін «astanahub.com» платформасында қабылданады. Бағдарламаға Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Грузия және Моңғолия елдерінің стартап командалары қатыса алады. Еліміз Орталық Азияда «Google for Startups» бағдарламасымен бірлесіп акселерация жүргізіп отырған алғашқы әрі жалғыз ел. Биыл «Silkway Accelerator» алғаш рет Алматы қаласында, «Almaty Hub» базасында өтеді. Бұл – мегаполистің елдегі іскерлік және IT-орталық ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Кейінгі төрт жылда бағдарламаға 1 470 өтінім түсіп, олардың тек 73-і іріктеуден өткен. Акселерациядан өткен жобалар жалпы көлемі 48 миллион доллардан асатын инвестиция тартып, жиынтық бағасы 500 миллион доллардан асқан. Қатысушылар БАӘ, Түркия, АҚШ және басқа да халықаралық нарықтарға шығып үлгерді.
Бағдарлама түлектерінің қатарында «Biometric Vision», «zypl.ai», «Arlan Biotech» және басқа да табысты жобалар бар. «Biometric Vision» компаниясының негізін қалаушы Әлібек Нарымбайдың айтуынша, бағдарлама стартаптарға дұрыс нарық таңдауға, өнім стратегиясын нақтылауға және халықаралық деңгейде өсуге мүмкіндік береді.
«Silkway Accelerator» 12 аптаға есептелген. Бағдарламаға дайын өнімі бар және оны жаңа нарықтарға шығаруды көздейтін командалар қатыса алады. Қатысушыларға Алматыда тегін тұру, кеңсе, сондай-ақ 100 мың долларға дейін «Google Cloud» ресурстарына қолжетімділік беріледі. Сонымен қатар әр командаға жеке даму менеджері бекітіледі. Бағдарлама жетекшілерінің бірі Евгений Фролов қазіргі таңда басты мәселе стартаптардың санында емес, сапасында екенін атап өтті. Оның пікірінше, негізгі қиындық – өнімді халықаралық нарыққа шығарып, ауқымды бизнес модель құру. Бағдарлама соңында «Demo Day» өтеді. Бұл күні қатысушылар өз жобаларын инвесторлар мен венчурлік қорларға таныстырады. Ең үздік жобалар «Astana Hub Ventures» шорт-листіне еніп, инвестиция тарту мүмкіндігіне ие болады.