
Қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің маңызы неде деп ойлайсыз?
Қазіргі таңда адамзат бұрын-соңды болмаған геосаяси қақтығыстарға, сенім дағдарысына, әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуіне және дінді бүркеніш еткен радикалды идеялардың таралуына куә болып отыр. Осындай күрделі жағдайда Қазақстанның бастамасымен 2003 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі ерекше мәнге ие.
Дін адамға үміт сыйлайтын, өмір сүруге, дамуға, тағдырын өзгертуге және өзін қорғалған сезінуге күш-қуат беретін сенімнің қайнары. Ал дін лидерлері осы үміт пен сенімді адамзатқа жеткізетін, ізгілік, жанашырлық және сүйіспеншілік құндылықтарын дәріптейтін рухани көшбасшылар. Бұл құндылықтар ғаламдық сананы қалыптастырып, адамдарды бір-біріне жақындатады. Сондықтан діни көшбасшылар арасындағы тұрақты, ашық әрі сенімді диалогтың болуы айрықша маңызды. Олардың келісімі мен достығы арқылы өзара түсіністік пен бейбіт қатар өмір сүру орнығады, ал бұл бүкіл әлемдегі бейбітшіліктің ең басты кепілі.
Қазақстан әрқашан да болса, бейбітшілік пен келісім ұстамына адал болып келеді. Сол себепті біз мұндай бастамаларды ұсынып қана қоймай, жүзеге асырып отырмыз. Діни конфессиялар арасындағы келісім мен достық- өркениеттің алға басуы мен тұрақты дамудың берік негізі. Дәл осы тұрғыдан алғанда, Съезд түрлі мәдениеттерді жақындастыратын және өзара сыйластықты нығайтатын тұрақты алаң ретінде жаһандық маңызға ие.
Сіз осы форумнан қандай нәтижелер күтесіз және қандай тақырыптарға ерекше көңіл бөлу қажет деп санайсыз?
2025 жылдың 17–18 қыркүйегінде Астанада өтетін VIII Съезді біз сенім мен ынтымақ дипломатиясын жалғастыратын маңызды халықаралық алаң ретінде қарастырамыз. Бұл жиыннан күтілетін басты нәтиже - діни және саяси көшбасшылардың әлемге ортақ үндеуін қалыптастыру. Ең маңыздысы- Съезд қорытындысының БҰҰ Бас Ассамблеясының ресми құжаты ретінде қабылданып, жаһандық деңгейде таралуы. Бұл Қазақстан бастамасының халықаралық беделін көрсететін маңызды қадам.
Ал тақырыптарға келсек, ең әуелі діни экстремизмге қарсы тұру және дінді саяси мақсатта пайдалануға жол бермеу қажет. Сондай-ақ цифрлық дәуірде адамзаттың моральдық-рухани құндылықтарын сақтау, жастар мен әйелдердің бейбітшілік мәдениетін нығайтудағы рөлі айрықша назарда болуы тиіс. Бірақ ең бастысы- діни конфессиялар арасындағы келісім мен достықты болашақтың нақты шарты ретінде ұсыну. Қазақстан дәл осы арқылы бүкіл әлемдік ашық диалог пен өзара сыйластықты нығайтуға атсалысады.
Мемлекет басшысының бастамасымен өткізіліп келе жатқан бұл Съезд Қазақстанның халықаралық беделіне қалай әсер етуде?
Алдағы Съезд Қазақстанның сыртқы саясаттағы беделінің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Бұл - еліміздің бейбітшілік пен диалог құндылықтарын тек сөз жүзінде емес, нақты істерімен жүзеге асырып отырғанының айқын айғағы. Мәселен, 2022 жылы қабылданған VII Съездің Декларациясы БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының ресми құжаты ретінде жарияланып, біздің үндеуіміздің бүкіл халықаралық қауымдастық тарапынан мойындалғанын көрсетті.
Осылайша, Қазақстан өзін моральдық беделі жоғары, халықтар арасындағы сенім мен өзара түсіністіктің дәнекері, бітімгерліктің шынайы жаршысы ретінде танытып келеді. Қақтығыстардан шаршаған және оны еңсерудің жолын іздеген қазіргі әлемде біздің еліміз діни конфессиялар арасындағы келісім мен достыққа, алуан түрлі мәдениеттер мен көзқарастарды құрметтеуге негізделген үлгіні ұсынады. Бұл - Қазақстанның әлемге жолдаған ортақ үндеуі: тек келісім, өзара сыйластық пен сенім арқылы біз баршамыз үшін әділетті әрі тұрақты болашақ қалыптастыра аламыз.