Білім • Кеше

10 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Абай облысында жаңа 2025-2026 оқу жылына дайындық қызу жүріліп жатыр, деп жазады Egemen.kz.

10 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады

 

Облыстық білім басқармасының берген мәліметінше, қазір өңірде 304 мектеп жұмыс істейді, онда 102 мыңнан астам бала білім алады. Ал биылғы оқу жылында 1-сыныпқа 10 155 оқушы барады, олардың 7 146-сы қазақ сыныптарына, 3 009-ы орыс сыныптарына қабылданады. Қазір қабылдау жұмыстары 95 пайыздан астамы орындалған.

Жаңа оқу жылында барлық мектеп оқу процесін Оқу-ағарту министрлігінің әдістемелік нұсқау хаттарына сәйкес бастайды. Оқу ұзақтығы 1-сыныптарда 33 апта, ал 2-11 сыныптарда 34 апта болып бекітілген. Білім сапасын арттыру мақсатында «Келешек мектептері» және «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобалары іске асып жатыр.

Оқулықпен қамту үшін биыл 12 баспамен шарт жасалып, 133 мыңнан астам кітап сатып алынды. Қазіргі таңда олар аудандық білім бөлімдеріне жеткізілуде. Әлеуметтік қолдау шаралары шеңберінде 54 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

121 елді мекеннен 3 мыңнан астам оқушы мектепке арнайы автобустармен тасымалданады. Интернетке қосылу толық қамтамасыз етіліп, ауыл мектептері үшін Starlink жүйесі пайдаланылуда.

Жаңа оқу жылында тәрбиелік жұмыстар да күшейтіледі. «Адал азамат» бағдарламасы аясында оқушылардың патриоттық және азаматтық құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылады. Сондай-ақ сабақ үдерісіне жасанды интеллект элементтері енгізіле бастайды. Қыркүйек айынан бастап барлық мектепте «Жеке қауіпсіздік сабақтары» қайта енгізіледі.

Абай облысы