Білім • Бүгін, 11:40

Жаңа оқу жылында мектептерге жасанды интеллект және жаңа тәрбие бағдарламасы енгізілді

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2025–2026 оқу жылы қазақстандық мектептер үшін бірқатар маңызды өзгерістермен басталды. Бұл жаңашылдықтар білім беру мазмұнын жаңғыртуды, тәрбиелік бағытты күшейтуді және әлеуметтік қолдауды қамтиды, деп жазады Egemen.kz.

Жаңа оқу жылында мектептерге жасанды интеллект және жаңа тәрбие бағдарламасы енгізілді

 

Биылдан бастап 1–11 сынып оқушыларына жасанды интеллект негіздері оқытылады. Мақсат – балаларды ЖИ технологияларын сауатты басқаруға және тиімді қолдануға үйрету. Бағдарлама оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бейімделіп енгізіледі. Сондай-ақ ЖИ қолдану этикасын түсіндіретін интерактивті «Day of AI» онлайн курсы барлық оқушы үшін қолжетімді болады.

10–11 сынып оқушыларына бастапқы кәсіби біліктілік беретін ерте бейіндік бағдарлау енгізілді. Ал Келешек мектептерінде кәсіби бағдар 7-сыныптан басталады. Бұл үшін «Маман» атты арнайы онлайн-платформа әзірленіп жатыр. Жаңа жүйе әр оқушының қызығушылығы мен қабілетін ескеріп, бағыт беруге мүмкіндік жасайды.

Меншік нысанына қарамастан, барлық білім беру ұйымдарына «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама биыл жалпыұлттық құндылықтар мен Абай философиясы негізінде қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар мектептердің бірыңғай визуалды ортасын қалыптастыру үшін брендбук пен дизайн-код енгізілуде.

Мектептер мен колледждерде буллингтің алдын алу үшін «ДосболLIKE» бағдарламасы іске қосылды. Оқушылардың ыстық тамағы ваучерлік жүйе арқылы «Әлеуметтік әмиян» негізінде төленеді. 2025 жылдың соңына дейін балалардың мүддесін басты назарға алатын «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы қабылданбақ.