ЖОЛДАУ • Бүгін, 11:50

Жолдау 2024: Қайта өңдеу саласында екі мың кәсіпорын жұмыс істейді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесі 70%-ға жеткізілуі тиіс. Оны орындау мақсатында мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралары іске асырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жолдау 2024: Қайта өңдеу саласында екі мың кәсіпорын жұмыс істейді

Фото: Ашық дереккөз

Былтырғы жылы АӨК өнімдерін экспорттау көлемі $5,1 млрд болған. Оның 52%-ы қайта өңделген өнімге тиесілі, $2,6 млрд құрайды. 2024 жылы бұл көрсеткіш 43% болған, бұл отандық қайта өңдеу саласының тұрақты даму қарқыны мен бәсекеге қабілеттілігінің артып келе жатқанын айғақтайды.

Айта кетейік, елімізде қайта өңдеу саласында шамамен екі мың кәсіпорын жұмыс істейді. Оның ішінде сүт (18,8%), ет (18,5%), астық (17,4%) және май-шикізат (12,5%) салалары көш бастап тұр. 2024 жылы 41,5 млрд теңге көлемінде 51 инвестициялық жоба жүзеге асырылған.

Биыл бизнеске қолдау көрсету мақсатында қайта өңдеу кәсіпорындарын айналым қаражатын толықтыру үшін жылдық мөлшерлемесі 5%-бен жеңілдетілген несие беру жалғастырылды. Осы мақсаттарға 44 млрд теңге бөлініп, 60-тан астам өтінім мақұлданып, 26 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

«Қайта өңдеу кәсіпорындарын салу немесе жаңғыртуға инвестициялық субсидиялау жұмыс істейді. Бұл мақсатта шығынның 15–50%-ын өтеу қарастырылған. Қант саласында өтемақының көлемі 40%-ға дейін артты, жұмыртқа өңдеуде субсидия 40%-ға дейін енгізілді, ал сүт саласында құрғақ сүт пен сарысу жабдықтарына шығынның 25%-ына дейін өтемақы қарастырылған. Кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінуде. Осы мақсатта тұрақты жеткізілімді қамтамасыз ететін сүт фермалары, қой шаруашылығы кәсіпорындары және қабылдау пункттері желісі құрылады. Фермерлерге қолдау қайта өңдеуге тапсырылған жұқа және жартылай жұқа жүн көлеміне субсидиялау арқылы да көрсетіледі, бұл бір жағынан өндірушілердің шығындарын азайтып, екінші жағынан қайта өңдеу кәсіпорындарының қуатын толық пайдалануына мүмкіндік береді», делінген хабарламада.

Сонымен қатар ішкі нарықты қорғау мақсатында шикізатты экспортқа шығаруға шектеулер енгізілген. Атап айтсақ, майлы дақыл тұқымдарын шығаруға баж салығы қолданылып, тірі мал экспорты квоталанған, сондай-ақ тері мен жүн шығаруға шектеулер қойылған.