Жасанды интеллект • Кеше

Жасанды интеллект нарығына бетбұрыс

50 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жасанды интеллект – бүгінгі таңда ғылыми қиял емес. Ол эконо­миканың, саясаттың, қоғам дамуының негізгі құралына айналды. Осы жылды сарапшылар ЖИ нарығына бетбұрыс кезеңі деп атап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында: «Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс. «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс», деп атап өтті. Себебі әлем елдері жасанды интеллектіні дамытуға миллиардтаған қаржы бөліп, заң қабылдап, өз тілдері мен мәдениетіне бейімделген үлгілерді жасауды қолға алды.

Жасанды интеллект нарығына бетбұрыс

Сурет: ria.ru

Нарық көлемі де күннен-күнге өсіп жатыр. Былтыр 279 млрд долларды құраса, биыл 391 млрд-ға жетуі мүмкін. 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығы 5 трлн долларға жетіп, оның әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін артпақ. «Microsoft», «Google», «Amazon», «Meta» компаниялары осы жылы дерекорталықтар мен есептеу қуатына 320 млрд доллардан астам қаражат бөлуге дайын. Қытай жасанды интеллектіні қатаң реттеп, арнайы заң енгізді. Еуропа «AI Act» қабылдап, қауіпті жүйелер­ді шектеуге кіріс­ті. Жапония жо­ғары өнімді есептеу жүйелерін іске қосса, Корея ұлттық «AI»-чип өндірісін жолға қою үшін 77 млрд доллардан астам инвестиция салып жатыр.

«Nvidia» компаниясының бас директоры Дженсен Хуангтің сөзінше, жасанды интеллект төңкерісі енді басталады. «Біз жаңа өнеркәсіптік революцияның куәсі болып отырмыз. Алдағы бес жылда әлем бойынша жасанды интеллект инфрақұрылымына 3-4 трлн доллар инвестиция салынады. Біз қазір алгоритмдерді жетілдіруден асып, инфрақұрылымдық кезеңге өттік. Жаңа дәуірде технологиялық егемендік елдердің есептеу қуатына қарап бағаланады», дейді ол.

д

Инфографиканы жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Аталған алпауыт елдердің ЖИ стратегиясы үш бағытқа негіздеген. Бірінші – есептеу қуатын арттыру. Екінші – қауіп­сіздік пен реттеуді қамта­масыз ету. Үшінші – ұлттық тіл мен мәдениетке бейімделген үлгілерді жасау. Әр мемлекет өз тілінде сөйлейтін жасанды интеллект әзірлеу арқылы ақпараттық тәуелсіздігін нығайтуды көздейді.

«Біз елімізді ЖИ-ге бағдар­ланған мемлекетке айналдыру үшін Халықаралық жасанды интел­лект орталығын құрдық. Инку­бация мен акселерация бағ­дар­ламалары арқылы Орта­лықты стартаптармен интегра­ция­лаудың нақты жоспары жасалды. Бұдан бөлек, таяуда Үкіметтің, ғылым мен бизнестің стра­тегиялық қажеттіліктеріне арналған қуатты Суперкомпьютер кластері іске қосылды. Сонымен қатар біз цифрлық егемендігімізді қамтамасыз ету үшін Үлкен тілдік модельді (LLM) белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бұл бастамалар әлемдік жасанды интеллект кеңістігіндегі Қазақстанның технологиялық өркендеуін жеделдетіп, пози­циясын нығайтады», деді Мемлекет басшысы.

Президент айтқандай, еліміз де жаһандық үдерістен сырт қалған жоқ. Өткен жылы «Жа­сан­ды интеллектіні дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Осы жылы Астанада Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылды. Сол жерде қазақ тіліне бейімделген «AlemLLM» үлгісі таныстырылды. Сондай-ақ Назарбаев университетіндегі «issai» инс­титуты «KazLLM» қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерін қам­титын көптілді модельді әзірледі. Бұл үлгілер мемлекеттік қыз­мет­терді қазақ тілінде дамытуға және жаңа цифрлық сервистер құруға мүмкіндік береді.

Білім саласында «AI-Sana» жобасы қолға алынды. Ол 100 мыңға жуық студентті қамтып, жасанды интеллект негіздерін үйретеді. Бұл бастама жастардың стартап ашуына, жаңа технологиялық жобаларды бизнеске айналдыруына жол ашады. Жоба авторлары­ның бірі Стэнфорд университеті­нің қауымдастырылған деканы, доктор Пол Кимнің айтуынша, Қазақстан осы арқылы ЖИ-ді  дамытуда айтарлықтай жетіс­тік­ке жете алады.

«Ai-Sana» бағдар­лама­сының басты мақсаты – жасанды интеллектіні терең­де­тіп оқыту ғана емес, өмірде қолда­нуды үйрету. Студенттер бірнеше кезеңнен тұратын оқу үдерісінен өтеді. Алдымен олар алгоритм­дер мен машиналық оқыту негіз­дерін игереді. Одан кейін өздері­нің жеке жобаларын әзірлеп, оны тәжірибеде сынайды. Соңғы кезеңде стартаптарын инвестор­ларға таныстырады», дейді ол.

Ал халықаралық «Alem.AI» орталығы елімізді аймақтық жасанды интеллект хабына айналдыруды көздейді. Бұл орталық жыл сайын мыңдаған маманды тартуға, ғалымдар мен кәсіпкерлерге жағдай жасауға бағытталған. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, жобаға білім беру, стартаптарды қолдау, ірі халықаралық IT-компанияларды тарту сияқты бірнеше бағыт біріктірілген.

«Орталықта балаларға арналған интерактивті алаң да, студенттерге арналған ЖИ мектебі де, кәсіпкерлер мен зерттеушілерге арналған кампус та бар. Тіпті «Google», «Apple», «Telegram» секілді алпауыттар да зерттеу зертха­наларын ашуды жоспарлап отыр. «Alem.AI»-дың басты мақ­саты – елімізді аймақтағы жа­санды интеллект хабына айналдыру, таланттарды тартып, жаңа жо­ба­ларды қолдап, елдің технологиялық дамуына серпін беру», дейді ол.

Бұған қоса еліміз ЖИ нарығындағы алпауыт мемлекеттермен ынтымақтастық орнатуды экономикалық бағдар ретінде алып отыр. Бұл салада әлем тәжірибесінен үлгі алу артықшылық болары анық. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай­дағы сапарында осы ниетін білдіріп, «China State Construction Engineering Corporation» компаниясымен әріптестік орнату туралы келісімге қол жеткізді.

«Біз «Alatau City» жаңа қала салу жобасына айрықша мән бе­ріп отырмыз. Бұл қала еліміз­де және тұтас аймақта инно­вацияны, криптоиндустрия мен технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға жол ашатын қуатты орталық болуға тиіс. Осы орайда, біз қытайлық компаниялармен өзара тығыз байланыста жұмыс істеуге ниеттіміз», деді Мемлекет басшысы.