Отбасы • Кеше

Семейде 15 адам ата-аналық құқығынан айырылды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Семей қаласында тәртіп сақшылары түнде көшеде ересектерсіз жүрген 148 баланы анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Семейде 15 адам ата-аналық құқығынан айырылды

Облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу шарасының үш күнінде 1100-ден астам адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.

— Осы аралықта 37 қылмыс тіркеліп, 1107 адам қоғамдық орында ішімдік ішу, мас күйде көлік басқару сынды құқық бұзу жасады. Заң талаптарын сақтамағандар арасында жасөспірімдер де бар. Шара барысында жаңа оқу жылының басталуына байланысты балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Мектеп маңындағы жолдардың жай-күйі де тексеріліп жатыр, — делінген ақпаратта.

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін полиция қызметкерлері ойын-сауық орындарын да қадағалап келеді.

— Жыл басынан бері түнгі уақытта көшеде ересектерсіз жүрген 148 бала анықталған. Сондай-ақ ата-аналық міндетін дұрыс атқармағаны үшін 452 адам жауапқа тартылып, 15 адам ата-аналық құқығынан айырылды, — делінген хабарламада.