
Фото: gov.kz
Президент серіктестікті нығайту үшін отандық кәсіпкерлер заманауи технологияларды бірінші кезекте меңгеруі керектігін айтты.
«Министрлік мал шаруашылығы саласындағы агро бизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, нақты қаржыландыру шараларын бастау керек. Басты мақсат ішкі нарықты етпен толық қамтамасыз ету. Сонымен қатар осы саланың экспорттық әлеуетін күшейту. Елдегі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық міндеті. Әрине, өзімізді өзіміз жүз пайыз қамтамасыз етуіміз мүмкін емес, бәлкім, оның қажеті де жоқ шығар. Бірақ, нарықтағы қазіргі жағдайды айтудың өзі ұят», деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы дәстүрлі ұлттық өнімдерімізді сыртқы нарыққа белсенді түрде танытуды, аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды.
«Онда логистика, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттар мен ұтымды маркетинг стратегиясы ескерілуге тиіс. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органның ортақ міндеті. Сондықтан іс-әрекеттерді Үкімет басшылығы деңгейінде үйлестіріп отыру керек. Үкімет Еуразия аумағындағы сауда-саттықтың әділ жағдайда жасалуын нақты дәлелмен талап етуге міндетті. Ал депутаттар заңнамалық бастамалар арқылы отандық өнім өндірушілердің құқықтарын қорғауға тиіс», деді Президент.