
Президенттің айтуынша, алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын «жасыл» энергия нысандарын іске қосу жоспарланған. Бұл қадам еліміздегі баламалы қуат көздерінің үлесін айтарлықтай арттырады.
«Қазір біз қуат көздерін жан-жақты жаңғыртып жатырмыз. Шетел инвесторларының қатысуымен ауқымды жобалар жүзеге асуда. Бірақ Қазақстанның түпкі мақсаты – қуат көздерін әртараптандыру емес. Бұл – ең алдымен еліміздің энергия жүйесінің нақты мүмкіндігі мен мемлекетіміздің ұзақмерзімді мүдделеріне негізделген тұрақты даму жолы», – деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық энергетиканың рөліне ерекше тоқталды.
«Бір ай бұрын Алматы облысында Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына қатысты жоба «Росатоммен» бірге жүзеге асырыла бастады. Бірақ экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек», – деді ол.
Мемлекет басшысы жуырда Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен өткен келіссөздер барысында атом саласындағы стратегиялық серіктестік жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.
«Қазақстан әлемдік компаниялардың бәрімен өзара тиімді байланыс жасауға дайын. Бұл ұстаным еліміздің энергетикалық дербестігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатына сай келеді», – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сапалы көмір қоры орасан екенін атап өтіп: «Көмір энергетикасын да ұмытпауымыз керек. Қоршаған ортаны ластамайтын озық технологияларды қолдана отырып, көмірден алынатын энергияны дамытуға ерекше көңіл бөлу қажет. Өзіміздің табиғи артықшылықтарымызды ел игілігіне дұрыс пайдалана білуіміз керек», – деді.