
Тоғызқұмалақ елімізде ғана емес, бүкіл әлемде қарқынды дамып келеді. Айталық, өткен жылы Латын Америкасында тоғызқұмалақ федерациясы құрылса, биыл осындай ұйым Оңтүстік Кореяда да жұмысын бастады. Еуропа мен Азияның бірқатар елі тоғызқұмалақ ойнауды ежелден әдетке айналдырған, кейінгі жылдары мұндай үрдіс Африка елдерінде де байқалып отыр. Бүгінге дейін жеті әлем, алты Азия чемпионаты өткізілді.
Кеше «Тоғызқұмалақ күні» аясында ұлы Абайдың 180 жылдығына орай, еліміздің тоғызқұмалақ тақтасы бар барлық оқу орнында сағат 09.00 мен 21.00 аралығында онлайн ойнау флешмобы ұйымдастырылды. Елордадағы іс-шараға Дүниежүзілік тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әлихан Байменов, Қазақстан тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті Әкім Тұрсын, «BINOM School» мектептер желісін басқарушы компанияның басшысы Шолпан Қадырова, федерация өкілдері, өзге де ұлттық спорт қайраткерлері қатысты.
«Тоғызқұмалақ замана көшінен әсте тыс қалмақ емес. 15 жыл бұрын отандық мамандар Ios, Android жүйелері негізінде смартфонға жүктеме әзірлеген еді. Бұдан бөлек, канадалық, польшалық, ұлыбританиялық танымал платформаларға тоғызқұмалақ енгізілді. Қазір бұл алаңдарда да тоғызқұмалақ кең қолданылатын ойынға айналған. Таяуда жас жеткіншектер ынта танытып, тоғызқұмалақтың жасанды интеллектідегі бағдарламасын іске қосты. Секундына миллиондаған есепті еркін еңсеретін ЖИ-тоғызқұмалақ адам санасынан да жылдам. Ойыншылар мен жаттықтырушылар оның артықшылығын, комбинациясын, стратегиялық ойлауын ойын өрнегінде ұтымды пайдаланып жүр», деді Ә.Байменов.
А.Байтұрсынұлы атындағы мектепке мереке күні 100 тоғызқұмалақшы топтасты. Қатысушылар сағат тілі 9-дан 9 минутты көрсеткенде қазандықтарға қол салды. Олардың арасында аталған мектептің 2-сынып оқушысы, тоғызқұмалақтан 9 жасқа дейінгі балалар арасындағы Астана қаласының чемпионы Қасым Ернатұлы да бар.
«Маған бестемшені бірінші болып балабақшадағы ұстазым Гүлжайна Бигелдіқызы үйретті. Мектепке алғаш келгенімде ұстазым ата-анама мені тоғызқұмалақ үйірмесіне беруді тапсырды. Алты жастан тоғызқұмалақ ойнауға айрықша ден қойдым. Бірнеше қалалық байқауда топ жарып, маусым айында Қостанай қаласында өткен республикалық тоғызқұмалақ сайысына барып келдім. Мықтылар бас қосқан байқау шеберлігімді шыңдады», деген Қасым Ернатұлы тоғызқұмалақты ғылыми тұрғыда да зерттеуге бел буып отырғанын атап өтті.