Аймақтар • Бүгін, 13:51

«Таза Қазақстан – Таза Жезқазған» байқауының үздіктері марапатталды  

60 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қала күні қарсаңында Жезқазғанда «Таза Қазақстан – Таза Жезқазған» байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп жазады Egemen.kz.

«Таза Қазақстан – Таза Жезқазған» байқауының үздіктері марапатталды  

Байқауда «Көрікті ғимарат ауласы», «Үздік жасыл аула», «Таза кіреберіс», «Үздік ПИК», «Үздік МИБ» сынды аталымдар бойынша үздіктер анықталды. Бас жүлде Гагарин көшесіндегі 72/2 үй тұрғыны Шарипа Рымбаеваға табысталды. Жеңімпаздарға марапаттарды облыстық мәслихат депутаттары, партия филиалдарының басшылары мен қоғамдық ұйым өкілдері тапсырды.

Аталған байқау республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылды. Сол күні Ұлытау облысының барлық қалалары мен аудандарында жаппай сенбіліктер өтті. Жезқазғанда жастар мен еріктілердің қатысуымен орталық көшелер тазаланып, Сәтбаев қаласында экологиялық мәдениетті насихаттауға арналған шара ұйымдастырылды. Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінде саябақтар мен демалыс орындары тазартылып, Жаңаарқа ауданының орталық алаңында сенбілік өтті. Ұлытау ауданында ауыл тұрғындары мен жастардың қатысуымен Ембұлақ өңірінде тазалық шарасы өтті.

Ұлытау облысында жыл басынан бері жеті облыстық және сегіз қалалық сенбілік ұйымдастырылды. Сондай-ақ апта сайын «Таза бейсенбі» акциясы тұрақты түрде өтеді. Жалпы «Таза Қазақстан» бастамасына 44 мыңнан астам адам қатысып, 870 арнайы техника жұмылдырылды, нәтижесінде 3520 тонна қоқыс шығарылды.