Саясат • Бүгін, 08:58

Қазақстан – Конго Демократиялық Республикасы: Тиімді серіктестіктің жауапты кезеңі

40 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше елордамызға Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисекеди мемлекеттік сапармен келіп, Ақордада ресми қарсы алу рәсімі өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Феликс Чисекеди бір-біріне делегация мүшелерін таныстырып, Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң, екі елдің әнұраны орындалды. Бұдан кейін мемлекеттер басшылары келіссөз залына өтті.

Қазақстан – Конго Демократиялық Республикасы: Тиімді серіктестіктің жауапты кезеңі

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Африка – сыртқы саясаттағы маңызды бағыт

Қазақстан Президенті Астанаға шақыруын қабыл алғаны үшін Феликс Чисекедиге алғыс айтты.

– Қазақстанға алғаш рет мемлекет­тік сапармен келіп жатсыз. Шын мәнінде, мұны тарихи сапар деуге болады. Са­пары­ңыз өте маңызды. Бұл қадам Қазақ­стан мен Конго арасын­дағы қарым-қатынасты дамытуға тың серпін береді. Еліңіз – адами және табиғи ресурсқа бай мемлекет. Халық саны 110 миллионнан астам ел. Сондай-ақ Конгоның халықаралық және ай­мақ­тық деңгейдегі рөлі артып келе жатыр. Осы орайда бүгінгі келіссөздер Орталық Азия және Африка арасын­дағы байланысты күшейтуге ық­пал ете­ді деп сенеміз. Африка елдері­­мен ынтымақтастықты нығайту – елі­міз­дің сыртқы саясатындағы маңыз­­ды бағыттың бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ссс

Конго Демократиялық Рес­публикасының Президенті осы келіссөздер нәтижесінде екі елдің байланысы нығая түсетініне сенімді екенін жеткізді.

– Маған және делегациямызға көрсеткен қонақжайлық ниетіңіз үшін Сізге, сондай-ақ Қазақстан халқына алғыс айтамын. Мен екі ел, жалпы алғанда, Африка аймағы мен Орталық Азия ара­сындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында сапармен келдім. Әрине, біздің мемлекеттеріміз бір-бірінен алыс­та орналасқан. Дегенмен осындай сапарлар бізді жақындастырып, бір-бірімізді жіті тануға мүмкіндік береді. Сіздің еліңізбен ERG компаниясы арқылы тығыз жұмыс істейміз. Аталған кәсіпорын тау-кен өнеркәсібі саласында белсенді қыз­мет етеді. Бірақ ықпалдастықты арт­тырып, тәжірибе алмасатын басқа да көп­теген бағыт бар деп ойлаймын, – деді Феликс Чисекеди.

Президенттер халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

 

Дәйекті диалогтің бүгіні мен келешегі

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Феликс Чисекеди келіссөзді екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен жалғастырды. Мемлекет басшысы Конго Демократиялық Республикасы Президентінің елімізге алғашқы сапарын тарихи сәт ретінде атап өтіп, оның Астанаға үлкен делегациямен келуін қазақ халқына көрсеткен зор құрмет деп бағалады.

– Дипломатиялық қатынастардың орнағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан өзара сенім мен достыққа негізделген ынтымақтастық дамып келеді. Бүгінгі келіссөздер Астана мен Киншаса арасындағы байланысты жаңа белеске көтереді, тиімді әріптестік орнатуға мүмкіндік береді. Конго Демократиялық Республи­касы – Қазақстанның Африкадағы маңызды серіктесі. Екі ел арасындағы қарым-қатынастың келешегі зор деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

сми

Мемлекет басшысы бұл уағда­ластықтар мен қол қойылған құжаттар өзара тиімді ықпалдастыққа тың серпін беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар серіктестіктің қарқынын өз деңгейінде сақтау үшін екі елдің сыртқы саясат ведомстволары арасындағы тұрақты әрі іскерлік байланысты жандандыруға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сауда-экономикалық ынтымақтастық екіжақты күн тәртібінің басым бағыты болуы керек. Президент Қазақстан мен Конго Демократиялық Республикасының табиғи ресурстарға бай әрі экономикалық мүмкіндігі мол екеніне назар аударып, екі ел өзара тиімді жобаларды іске асыруда сенімді серіктес бола алатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы аса маңызды шикізат материалдары саласындағы КДР-дың әлеуетіне жоғары баға беріп, бұл елдің бірегей табиғи ресурстары жаһандық жеткізу тізбегінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Әлемдегі кобальт өндірісінің 76 па­йызы, мыстың 14 пайызы, қалайының 8,3 пайызы, танталдың 42 па­йызы, колтанның 40 пайызы Конго Демо­кратиялық Республикасы­на тиесілі. Сонымен қатар жоғары технологиялық салаларға қажетті басқа да стратегиялық минералдардың мол қоры бар.

Феликс Чисекеди Конгоның өзара ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін жеткізді.

– Біздің мемлекеттеріміз геогра­фиялық тұрғыдан бір-бірінен алшақ орналасса да, халықтарымызды егемен­дік пен территориялық тұтастық­ты құрметтеу, диалог арқылы бейбітшілікке үндеу секілді ортақ құндылық­тар біріктіреді. Конго Демокра­тия­лық Республикасы халық­ара­лық қоғамдастықтың, соның ішінде Қазақстанның ең қиын сәттерде көрсеткен қолдауын ешқашан ұмытпайды. Қазақстан БҰҰ аясындағы белсенді ұстанымымен Конго халқына жанашыр екенін дәлелдеді. Сондық­тан Сізге шынайы ризашылығымыз­ды білдіруге рұқсат етіңіз, – деді КДР Президенті.

Феликс Чисекедидің айтуынша, Қазақстан ядролық қарудан бас тарту және бейбітшілікті сақтау үшін дәйекті диалогті ілгерілету арқылы қауіпсіздік пен дамудың өте маңызды екенін көрсетті. Бұл – әлем жұртшылығына үлгі.

Келіссөз барысында екіжақты сауданы дамыту, көлік-логистика, тау-кен, ауыл шаруашылығы және ақпараттық технологиялар, цифрландыру салаларындағы ықпалдастық мәселелеріне баса мән берілді.

Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Конго Демократиялық Республикасының Президенті Феликс Чисекеди Бірлескен мәлімдеме қабылдады.

Бұдан бөлек дипломатиялық консуль­тацияға, тау-кен және геология саласындағы ынтымақтастыққа қатысты ведомствоаралық құжаттарға қол қойылды.

 

І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл екі ел жылнамасындағы тарихи күн еке­нін атап өтіп, Феликс Чисекедиді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

награда

– Қазақстан Республикасы мен Конго Демократиялық Республикасы арасындағы қарым-қатынастар тың қарқын алуда. Ең алдымен, Президент Феликс Чисекеди мырзаны Қазақстанда алғашқы мемлекеттік сапармен қарсы алу – біз үшін үлкен құрмет. Конго Демократиялық Республикасы – Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Екі ел арасындағы байланыстар берік достық пен өзара құрметке негізделген. Қазақстан Конго Демократиялық Республикасымен түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі. Ықпалдастықты ерекше серпін­мен тереңдету үшін барлық мүмкін­дік бар. Жоғары деңгейдегі саяси ниетіміз – ортақ, сауда-экономикалық әлеуетіміз – мол, мәдени-гуманитарлық саладағы мақсат-міндеттеріміз бір. Бүгінгі келіссөз қорытындылары – осының айқын дәлелі. Біз өзара қолдау мен түсіністік рухында екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге уағдаластық. Екі елдің мүддесіне сай келетін маңызды келісімдерге қол жеткіздік. Халықаралық сахнадағы ықпалдастықты одан әрі нығайтуға келістік. Жаһандық қауіпсіздік және тұрақтылықты қамтамасыз ету ісінде күш-жігерімізді жұмылдыруға ниет білдірдік. Жалпы, Астана мен Киншаса арасындағы сан қырлы серіктестіктің әлеуеті мол, болашағы зор деп айтуға толық негіз бар, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Феликс Чисекедидің осы игі іске қосып отырған тарихи үлесіне жоғары баға берді. Сондай-ақ оны халқының қолдауына арқа сүйеп, елін алға бастаған нағыз көшбасшы деп білетінін мәлімдеді.

– Конго Демократиялық Рес­публикасы айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, халықаралық сахнада беделін нығайтып келеді. Еліңіздің экономикасы өсіп жатыр. Сіздің бастамаңызбен түрлі салада тың жобалар табысты жүзеге асуда. Бұл жетістік – Сіздің арқаңыз. Сіздің басшылығыңызбен еліңіз бұдан да биік белестерді бағындыра беретініне кәміл сенемін. Осы мақсат-мұраттарға жету жолында Қазақстан еліңізді қолдауға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстан мен Конго Демократиялық Республикасының ынтымағын арттыруға, елдеріміз арасындағы достықты бекемдеу­ге, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосқаны үшін Феликс Чисекедиді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын айтты.

– Бұл – Қазақ елінің Сізге деген ерекше құрметі және шынайы ризашылығы, халқыңызға көрсеткен ыстық ықыласы. Сіз Африка елдерінің жоғары басшылары арасындағы осындай құрметті марапат алған тұңғыш саясаткер болдыңыз, – деді Президент.

Конго Демократиялық Рес­публикасының Президенті марапатқа лайық көргені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, жемісті ынты­мақтастық аясын кеңейтуге дайын екенін атап өтті.

– Халықтарымыз арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға бар күш-жігерімді саламын. Өз елімнің, сондай-ақ тұтас Африка құрлығының мүддесіне сай келетін ықпалдастықтың жаңа бағыттарын іздеп, оны одан әрі дамытуға ұмтыламыз. Орталық Азия өңірі әзірге Африкаға аса таныс емес. Сондықтан бүгінгі және болашақтағы ынтымақтастығымыз қос құрлық арасындағы байланыстар тарихында маңызды кезең болатынына сенімдімін, – деді Феликс Чисекеди.