
Филармонияның үлкен залында өткен мерейлі маусымда өнер ұжымының жетекші солистері өнер көрсетіп, тыңдарманға ұмытылмас музыкалық әсер сыйлады. Арнайы бағдарламада көпшілік назарына виртуозды музыканттардың орындауындағы әлемдік классика мен дәстүрлі музыканың жауһарлары ұсынылды.
Өз тыңдармандарын жанрлық алуандығымен таңдай қақтырған концертте ұжымда көп жылдан бері табанды еңбек етіп келе жақан Гүлжан Өзенбаева, Аида Аюпова, Гүлнара Құрамбаева, Ермек Құрманаев сынды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, мәдениет қайраткері Ержан Әлімбетов, Әділ Несіпбаев, Мақпал Қазыбекқызы, Мұса Керімбаев сынды мәдениет саласының үздіктері өнер көрсетті. Ұлттық және әлемдік классиканың үйлесімімен ерекшеленген кеште қазақтың халық әні «Ақбақай», Үкілі Ыбырайдың «Гәккуінен» бастап әйгілі Бахтың органға арналған «Токката және фуга ре минор» сынды туындылары орындалды.
Айта кету керек, тарих толқынында талай мәдени оқиғаларға куә болған филармония үшін дәстүрлі өнер мен отандық композиторлардың еңбектерін кеңінен насихаттау – басты қағида саналады. Бұл ретте ұжым тоқсан жыл бойы осы бағыттан таймай, өнер биігін бағындырып келеді. Филармония солистерінің бүгінгі маусымашар концерті осы үрдіске айқын дәлел болды.