Аймақтар • Бүгін, 08:00

Салт-дәстүрді насихаттайтын орталық

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл күні Өскемендегі өнер музейінде әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізден көріністер қойылып, руханиятқа толы үлкен іс-шара болды. Сонау Шымкент қаласынан келген «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» ұжымы қала төрінде салтымыздың сан түрін сахналады.

Салт-дәстүрді насихаттайтын орталық

Суретті түсірген – автор

Қазақ халқының ұлттық мұрасын заманауи үлгіде жаңғыртып, көне дәстүрлерді бүгінгі қоғам өміріне бейім­деп, жастардың ұлттық құнды­лықтарға деген қызығушылығын арттыруды мақсат еткен іс-шараға жергі­лік­ті қолөнер шеберлері де қатысты. Музейге кірген бойда өскемендік өнер­паздар әуелете ән салып, алыстан кел­ген меймандарды қарсы алды. Ә дегенде оңтүстік өңірден келген қонақтар сапардың мақсатын түсіндіріп, Өнер музейіне деп алып келген сыйлықтарын табыстады.

– Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтау – ел болашағы үшін аса маңызды міндет. Қазіргі таңда жас ұрпақтың санасында дәстүр мен салтқа деген көзқарастың әлсіреп, кейбір ұлттық құндылықтардың ұмыт бола бастауы байқалады. Осындай жағдайда халықтың тарихи жады мен рухани тұтастығын ұмытпауымыз керек. Сол үшін де осынау игілікті сапарымызды бастадық, – деді Шымкент қаласынан келген «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы» директоры Жұмабай Ғаппарұлы.

Мәдени іс-шарада құрсақ шашу, ат қою, шілде күзету, тұсау кесу, жақсы­ның орнына аунату секілді ғұрыптар көрсетілді. Қоғамдағы дәстүр, әдет-ғұрып тал бесіктен жер бесікке дейін жалғасса, бұл күнгі қойылымда шаңыраққа келін түсіруден бастап, кішкентайдың тәй-тәй басқанға дейінгі шақ қана көрсетілді. Соның өзінде қаншама мағына, үлкен тәрбие жатыр?

Кеш соңында екі тарап бір-бірі­не ризашылығын білдірді. Шығыс­тың мәдениетіне, руханиятына бейжай қарамайтын азаматтар бізге де «Әдет-ғұрып орта­лығы» керек екен десіп тарқасты.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Өскемен қаласы