Қоғам • Бүгін, 10:00

Табиғатпен біте қайнасқан отбасы

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Табиғатты аялау – ұрпаққа аманат. Осы ұлы ұстанымды өмірлік мұрат еткен Жақыповтар әулеті бүгінде Марқакөлдің маңын мекендеген жұртқа еңбегімен де, бірлігімен де үлгі болып отыр. Үлгілі отбасы күні кеше облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы атанды.

Табиғатпен біте қайнасқан отбасы

Шаңырағы шаттыққа толы өнегелі жан Жанат Сейітқалиұлы Жақыпов ширек ғасыр бойы «Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығында» зертханашы қызметін абыроймен атқарып, бүгінде өрт күзет­ші­сі қызметінде жүр. Қызметіне деген жауап­кер­шілігі мен адалдығы оны әріп­тес­­терінің ғана емес, тұтас өңірдің сыйлы аза­матына айналдырды. Табиғатты қорғау ісіне қосқан елеулі еңбегі үшін 2018 жылы ІІІ дәрежелі, 2021 жылы ІІ дәрежелі «Био­ло­гия­лық алуан түрлілікті сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталуы соның айғағы.

– Әке-шешем де осы өңірдің тумалары. Өзім табан аудармай орман саласында еңбек етіп келемін. Туған жердің тұмса табиғатын қорғау кәсіби ғана емес, перзенттік те парызым, – дейді Жанат Сейітқалиұлы. 

Шаңырақтың шұғыласы, отбасының ұйытқысы Сағымжан Сұрауқанқызы алты баланы тәрбиелеп өсіріп, 2010 жылы «Күміс алқа» иегері атанған ардақты ана. Зейнет жасына жеткенше өзі де осы қоӨрықта еңбек етіп, кейінгі ұрпаққа ізгі­лік пен еңбектің мәнін ұқтырып келеді. Жақыповтар әулетінің әр перзенті ата-анасының тәлімін бойына сіңіріп, түрлі салада елге қызмет етіп жүр. Үлкен қыздары Мәдина дәмді тағам жасаудың шебері. Оның қызы Самира бастауыш­ сынып мұға­лімі, бала жүрегіне білім дәнін сеуіп жүр­ген жас маман.

Анар Жанатқызы бухгалтерлік есепті меңгеріп, қорықта бірнеше жыл еңбек етті. Саламатты өмір салтын серік еткен ол ұлы Ералының спорттағы жетістіктеріне үнемі дем беріп келеді. Жас спортшы бүгінде биатлоннан ел чемпионатының жүлдегері.

Шырын Жанатқызы екі баласының тәрбиесіне ерекше мән беріп, отбасының  берекесін арттырып отыр­ған ақ жаулықты ана. Кенже қызы Жанна болса, ма­тематика пәнінің мұғалімі. Облыстық «Алтын тұғыр» бай­­қауында жүлдегер атанып, аудан көле­­­мін­де де үз­дік ұс­таз ретінде танылған. Бүгін­де ол да күйеуімен бір­ге туған жер­­дің таби­ғатын қорғауға үлес қосып жүр.

Ұлдары да әулет абыройын асырып келеді. Аян Жанатұлы үш баланың әкесі, отба­сының жанашыры. Жары Айзада да қорықта еңбек етіп, экологиялық білім беруді жолға қойған.

Сүт кенжелері Саян Жанатұлы ішкі істер органдарында шыңдалған тәртіп сақшысы. Қазір қорықта шаруашылық ісін басқарады. Жұбайы Диана ихтио­лог ретінде Марқакөлге ғана тән майқан балығын қорғаумен айналысады. 

Жақыповтар әулеті тек бір отбасының емес, тұтас өңірдің мақтанышы. Отыз жеті жыл бойы бір әулеттің бірнеше мүшесі қатарынан қызмет етіп келе жатқан еңбек динас­тиясы табиғатты аялау ісімен  тағдыр­ла­рын тоғыстырған.

43 жыл отасқан Жанат аға мен Сағымжан апайдың ең үлкен жетістігі – балаларына адал­дықты, еңбек­қорлықты, туған жерге деген сүйіс­пеншілікті үйретуі. Қарап отыр­­сақ, олар­дың шаңырағы – бірліктің, ең­бек­тің, туған жерге деген қалтқысыз махаббаттың  ай­қын көрінісі. Та­биғатты қорғау ісін ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жат­­­­қан әулет елге, Отанға адал қызмет етудің жар­­қын үлгісі.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Марқакөл ауданы