Сурет: aikyn.kz
Жолдауда айқындалған ел экономикасын дамытудың жеті негізгі бағыты аясында әкім өңірде атқарылып жатқан және алдағы жұмыстарға назар аударды. Маңғыстау облысында инвестиция тарту, бизнес-ортаны және инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша белсенді шаралар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, алдағы уақытта ірі қытайлық компаниялармен жасалған келісімдер аясында көлік және логистика, машина жасау, цифрландыру және балық шаруашылығы салаларында инвестициялық жобалар іске асырылмақ.
Әкім Жолдауда аталған көлік-логистика саласын дамытуға қатысты жобаларға да тоқталды. Бүгінде Мемлекет басшысының қолдауымен Ақтау портында контейнерлік хабтың бірінші кезеңі іске қосылды. Ал 2028 жылға қарай қуаты 11 млн тонна болатын «Саржа» теңіз терминалы пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, Ақтау халықаралық әуежайында құны 1 млрд долларды құрайтын логистикалық және авиациялық хабтың құрылысы басталады.
Сонымен қатар өңір басшысы туризм саласының Жолдаудағы басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Осыған орай, 2025–2029 жылдары жалпы құны 193 млрд теңгені құрайтын 19 жоба жүзеге асырылады. Бұл қосымша жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бозжыра, Шерқала, Айрақты, Кендірлі және Жылы жағажай туристік аймақтарында экологиялық және жағажай туризмін дамытуға басымдық беріліп отыр.
Облыс әкімі Жолдауда белгіленген міндеттерді тиімді орындау үшін мәслихат, атқарушы билік және азаматтық қоғам арасындағы үйлесімді жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Жолдауда ел дамуының жаңа басымдықтарын айқындап берді. Маңғыстау облысы көлік-логистика саласында мемлекеттің экономикасы үшін ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысы өз Жолдауында осы саланың маңыздылығын атап, дамыту бойынша бірқатар тапсырма берді. Сонымен қатар Бейнеу мен Сексеуіл арасындағы автожол құрылысын аяқтау тапсырылды. Аталған бағыт арқылы жүк тасымалын оңтайландыруға және Алматы – Бейнеу – Сексеуіл көлік желісін дамытуға мүмкіндік туады. Жобаның басты мақсаты – еліміздің оңтүстік және батыс өңірлері арасындағы байланысты нығайту, экономикалық интеграцияны қолдау. Өңір әлеуетін тиімді пайдалану – біздің басты міндетіміз. Қазір мақсатымыз – халықпен бірге осы бастамаларды жүзеге асырып, өңірдің тұрақты дамуына қол жеткізу, – деді Н.Қилыбай.