Мереке • Бүгін, 16:55

Отбасы құндылықтары – қоғамның берік негізі: Аида Балаева

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтап, отбасы құндылықтарының қоғамдағы маңызына тоқталды, деп жазады Egemen.kz.

Отбасы құндылықтары – қоғамның берік негізі: Аида Балаева

— Отбасы – ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, адамға мінез-құлық пен болмыс қалыптастыратын әрі өмірге мән беретін күш. Қоғамның болашағы да, елдің келісім мен өркендеуге жетер жолы да берік отбасыларға байланысты. Халқымыз тегіннен-тегін «Отан – отбасынан басталады» демеген, — деді министр.

Ол балаларға қамқорлық, үлкендерге құрмет, дәстүр мен рухани құндылықтардың сабақтастығы халқымызды біртұтас әрі қуатты ететінін атап өтті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтіре отырып, Аида Балаева берік отбасы елдің тұрақты дамуының кепілі екенін және мемлекет ана мен балаға қамқорлық жасауға айрықша назар аударатынын айтты.

Министрдің мәліметінше, қазақстандықтардың басым бөлігі (85–89%) үшін басты құндылық — ерлі-зайыптылар мен балалар арасындағы сүйіспеншілік, сыйластық пен түсіністік. Бұл құндылықтар берекелі отбасының негізін қалайды.

Соңғы бес жылда ажырасулар саны шамамен 16 пайызға азайған. 2019 жылдан бастап Жоғарғы Сотпен бірлесіп жүзеге асырылып келе жатқан «Бақытты отбасы» жобасы көптеген дауларды шешуге ықпал етті. 2024 жылы істердің 37,5 пайызы татуласумен аяқталды.

Сонымен қатар, неке құрғалы жатқан жұптарға арналған оқыту бағдарламалары, ата-ана жауапкершілігін арттыруға бағытталған «Ата-аналар академиясы» жобасы іске асырылып келеді.

Бүгінде елімізде 131 отбасы қолдау орталығы жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері 40 мыңнан астам азамат орталықтарға жүгініп, 15 мыңнан астам кеңес берілді, 4 мыңға жуық адам кешенді қолдауға алынды.

— Әр шаңырақта бейбітшілік, сүйіспеншілік пен келісім орнасын. Сіздердің отбасыларыңызға бақыт, денсаулық пен береке тілеймін. Ал өсіп келе жатқан ұрпақ қамқорлық пен өзара құрметке толы ортада бой түзесін, — деп құттықтауын қорытындылады Аида Балаева.