
Шараға зиялы қауым өкілдері мен кітапсүйер оқырман қатысты. Алғашқы болып сөз алған академик Серік Негимов ақын туралы:
«Бұл кісі «Egemen Qazaqstan» газетіне бір мақалам шықса, ала таңмен таласа қоңырау соғып, ақжарма ниетін білдіретін. Міржақып Дулатұлы бір кезде «Оян, қазақ!» деп ұран тастаған еді. Өткен ғасырдың бел ортасындағы буын ұлттық санасы жаңғырып, ояна бастады. Сол ерте оянғандардың бірі – Айыпберген Балтабаев. Құрылысшы, аудандық мәслихат депутаты сынды жұмыстар атқара жүріп шығармашылықпен айналысты. Бүгінгі заманда кітап оқу, журнал оқу жағы тұралап қалды. Ал біздің Айекең сонау Жетісайда жатып үлкен поэзиялық еңбектер жазып, аудармалар жасады. Ал Омар Хаямды аударуы – бөлек тақырып. Қуандық Шаңғытбаевтан кейін мұндай тәуекелге барудың өзі ерлік дер едім. Өйткені Омар Хаям – әр шумағы тұнып тұрған философияға толы күрделі ақын», деді.
Айыпберген Балтабайұлы – көптеген жыр кітабының авторы, неміс ойшылы Гетенің 100-ден аса өлең-жыры мен «Рейнеке түлкі» дастанын, сондай-ақ Пушкин, Лермонтов, Омар Хаям, құмық қызы Гүлбағдат Омарованың жырларын төл тілімізге тәржімалаған. Ал қазақ тілінде жарық көріп отырған «Лена өзенінің жағалауында» романы – Ресей жазушысы Иван Переверзиннің қайта құру алдындағы якут халқының тұрмыс-тіршілігін жан-жақты суреттейтін сүбелі «энциклопедиялық» туынды. Романда Мария сұлу мен кеңшар директоры Анатолий Петрович арасындағы махаббат хикаясы арқылы сол дәуірдің бет-бейнесі ашылады. Елеулі туынды хақында орыстың танымал әдебиет сыншысы Лев Аннинский: «Бұл роман – орыс прозасының жадында ұзақ сақталары даусыз. Шығарма осы күйінде қалса да, не жалғасын тауып, көптомдық эпопеяға айналса да, еш артық етпесі анық», деп жоғары баға беріпті.
Іс-шараға қатысқан белгілі жыршы, манасшы Баянғали Әлімжанов қаламгер шығармашылығына тоқталды.
«Бұл кісі майдангердің баласы екен. Сол жағынан ұқсастығымыз бар. Екіншіден, ағамыз құрылысшы ақын. Құрылысшы мамандығын иелене жүріп, мынадай іргелі еңбек жасау үлкен құмарлықтан, ғашықтықтан туған. Басқа мамандықты игерсе де, гүлдің цементті жарып шығатын қайсар қасиетіндей, ақынның таланты кез келген кедергіні жарып шығып, гүлдей өсіп, көркейіп тұр деп ойлаймын. Гетені алғаш Абай атамыз аударса, сол ізгі дәстүрді жалғап, сіз әрі қарай дамытқан екенсіз. Ал құмық ақынын аударғаныңыз үлкен еңбек дер едім», деді ол.