Саясат • Бүгін, 08:53

Діни нысандар – жалпыадамзат құндылығы

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біріккен Ұлттар Ұйымы адамзат­тың игілігі жолындағы жаһан­дық бастамаларды ілгерілету үшін Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің алаңын құп көріп, Өркениеттер Альянсы­ның арнайы сессиясын өткізді. Діни нысандарды қорғау бағытындағы адамзатқа ортақ өзекті мәселелер талқыланған іс-шара жоғарыда аталған съез аясында алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Діни нысандар – жалпыадамзат құндылығы

Жиынға БҰҰ Бас хатшы­сының орынбасары – БҰҰ Өркениеттер Альянсы­ның жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос, Сенат төрағасы, съезд Хатшы­­лығының басшысы Мәулен Әшімбаев қатысты. Осылайша, дүниежүзіндегі ең ірі әрі беделді халықаралық ұйым саналатын БҰҰ Астана­да Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезін өткізуді ресми түрде қолдады.

Сессияда сөз сөйлеген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев еліміз киелі орындарды қорғауға әрдайым баса мән беретінін атап өтті. Сон­дай-ақ Өркениеттер Альян­сы бүкіл адамзат үшін халық­тар, мәдениеттер және діндер арасындағы диалогті жолға қоюда маңызды миссия ат­қарып келе жатқанын айтты. Жалпы, бұл ұйымның 20 жыл ішінде экстремизмнің алдын алуға, діни кемсітушілікке қарсы күреске және бейбіт­ші­лік мәдениетін қалыптас­ты­ру­­ға айтарлықтай үлес қосып ке­ле жатқаны айрықша аталды.

Хатшылық басшысы Діни нысандарды қорғау жөнін­дегі арнайы сессия был­тыр­ғы қарашада Португалияда өткен БҰҰ Өркениеттер Альян­сы­ның Жаһан­дық Х форумының логикалық жалғасы еке­нін және бұл бас­тама адамзатты алаң­дат­қан өзекті мәселелер мен оларды еңсеру жолдарын қамтығанын да тілге тиек етті.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақ­стан халқы түрлі өрке­ниеттер мен діндердің дәс­түрін, төзімділік пен ашық­тық қасиеттерін қабылда­ды. Сондықтан «бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты еліміздің негізгі ұстанымына айналды. Біздің жерімізде ғасырлар бойы әртүрлі діни ғибадатханалар мен рухани нысандар бейбіт жағдайда қызмет көрсетіп келгені тарихтан белгілі. Бұл құндылықтар алдағы уақытта да мәдени мұрамыздың ажырамас бір бөлшегі болып қала береді. Батыс пен Шығыстың түйіскен тұсында орналасқан Қазақстан ежелден халықтарды, мәде­ниеттер мен діндерді байланыстыратын географиялық және өркениеттік көпір рөлін атқарып келеді. Киелі орындардың барлығы біздің халықтарымыздың тарихында маңызды орын алады. Оның бәрі – біздің баға жетпес рухани-мәдени мұра­мыз. Сондықтан оларды сақ­тау­ға және қорғауға әрда­йым баса мән береміз, – деді М.Әшімбаев.

Сенат төрағасы мемлеке­ті­міздің БҰҰ Бас Ассамб­леясының 2023 жылғы Кон­фес­сияаралық диалог және өшпенділік тіліне қарсы іс-қимыл туралы қара­рын, сондай-ақ БҰҰ-ның Діни нысандарды қорғау жөнін­дегі іс-қимыл жоспарын қолдайтынын жеткізді.

Сессияға қатысушылар қасиетті орын­дарды қорғау бүкіл әлемдік қауымдас­тықтың ортақ жауапкершілігі екенін және съезд рухани және саяси көшбасшылар толеранттылық пен өзара сыйластық идеяларын ілгерілету үшін күш бірік­тіре алатын бірегей алаң ретін­де қызмет ететінін атап өтті.

Айталық, БҰҰ Бас хат­шы­сының орынбасары М.А.Моратинос біздің елдің жаһан­дық деңгейдегі бейбіт­ші­лік пен тұрақтылықты қам­та­масыз ету жолындағы ба­тыл қадамдарын жо­ғары баға­лап, риза­шы­­лы­ғын білдірді. Сондай-ақ ол бұл ба­ғыт­тағы бірлескен бастамаларды іске асы­ру­ға қолдау көрсетуге да­йын екенін жеткізді.

Жиында Моратиностың басшылығы­мен әзірленген БҰҰ-ның Діни нысандар­ды қорғау жөніндегі іс-қимыл жос­пары таныстырылды. Құжат ғибадат орын­дары­ның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, дін өкіл­дерін қорғауға, құқықтық тетіктер­ді ны­­ғайтуға және өзара құрмет пен ынты­мақ­­тастықтың жаһандық құндылықтарын дә­ріп­­теуге қатысты нақты шараларды қамтиды.

– Қазір жаһандағы түрлі дағдарыстар мен терро­ристік әрекеттерді көріп жүрміз. Соның салдарынан адамдар қаза тауып, түрлі діни нысандар қирап жатыр. Мұндай шабуыл­дарды лаңкестік топтар ғана ұйымдастырады және олардың басты көздегені – қоғамды күйретіп, халыққа қорқыныш пен қайғы шек­тіру. Әсілінде діни нысандарды қорғау және олардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету – адамзат алдындағы маңызды да үлкен міндеттердің бірі. Адам құқықтары аясында біз осы нысандардың қорғалуын қамтамасыз етуіміз керек, – деді БҰҰ Өркениеттер Альян­сының жоғары өкілі.

Ашық диалог аясында діни лидерлер мен мемлекет қайраткерлері ғибадат орындары мен сыйыну жерлері­нің қауіпсіздігін қамтама­сыз етудің келісілген тәсіл­дерін қалыптастыру қажетті­лігі туралы пікір алмасты. Әлемнің көптеген аймағын­да ғибадат ету орындарына, ғибадатханалар мен сыйыну орындарына төнген вандализм, қасиетті нысандарды қорлау сынды қауіптердің артуына қатты алаңдаушылық білдірді.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев БҰҰ Бас хатшы­сының орынбасары – БҰҰ Өркениеттер Альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Моратиноспен екіжақты кездесу өткізді. Кездесуде негізгі бағыттар бо­йынша, атап айтқанда, дінаралық келі­сім мен өркениеттердің жаһан­дық диало­гін нығайту жолын­дағы күш-жігерді үйлес­тіруге арналған өзара іс-қимыл перс­пективалары талқылан­ды. Олар – білім беру, жас­тарды дамыту, көші-қон, әйелдердің рөлі және БАҚ-қа қатысты проб­лемаларды еңсеру бойын­ша бірлескен жұмыстар.

Ал Мәскеу және Бүкіл Русь патриархы Кириллмен кездесуде ынтымақтастық­тың болашағы, оның ішінде халықаралық шиеленіс жағ­дайында рухани дипломатияны дамыту және әлемдік деңгейде дінаралық диалогті одан әрі ілгерілету тетіктері әңгімеге арқау болды.

Сессия барысында сөз сөйлеген мәртебелі меймандар Қазақстанның түрлі діндер өкілдерінің толерант­тылығын және бейбіт қатар өмір сүруін дәріптеу, сон­дай-ақ құн­дылықтардың дұ­рыс жүйесін қалыптастыру ба­ғы­тын­дағы бастамалары­на риза­­шылықтарын білдір­ді. Сонымен қатар олар конфес­сия­аралық және өркениетара­лық диалогті ілгерілету ісінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің беделі мен рөлі зор екенін айтты.