
Қаржы министрлігі мәліметінше, электронды формат барлық рәсімді қамтиды: сатыпалымды жүргізу, келісімшарттар жасау және тіркеу, электронды банк кепілдіктерін пайдалану, тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету актілерін рәсімдеу, электронды шот-фактуралар және төлем шоттары.
Веб-порталдың мемлекеттік органдардың ақпарат жүйелерімен ауқымды интеграциясы әлеуетті өнім берушілердің біліктілік талаптарына сәйкестігін, салық және сот берешегінің бар-жоқтығын, сондай-ақ жосықсыз өнім берушілер тізімінен автоматты түрде тексеруге мүмкіндік берді. Бұл ашықтықты айтарлықтай арттырып, адами фактордың алдын алуға септесті.
Global Data Barometer халықаралық зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанның сатыпалым жүйесі қолжетімділік пен ашықтық көрсеткіші жағынан әлемде 3-ші орында тұр.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң күшіне енді. Осы реформаға сәйкес сатыпалымның барлық түрін біріктіретін Бірыңғай сатып алу платформасын құру көзделді: мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, ұлттық әл-ауқат қорларының, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы тамақтандыру мәселелеріне байланысты және басқа да сатыпалымдар.
Бірыңғай сатып алу платформасы «Электрондық қаржы орталығы» АҚ базасында жасалып, қолданыстағы goszakup.gov.kz, zakup.sk.kz және mitwork.kz жүйелерімен интеграцияланды. Сонымен қатар платформа сот кабинеті, «Қазынашылық-клиент», борышкерлер тізімі, жылжымайтын мүлік тізімі, «Е-лицензиялау» жүйесі және т.б. қоса алғанда, 20-дан астам мемлекеттік ақпарат жүйесімен де біріктірілгенін айта кетейік.
Бірыңғай платформаның іске қосылуы реттелетін сатыпалымның барлық түріне ашық, жайлы және бірыңғай қолжетімділікті қамтамасыз етті.
Тың тетік өндірушілер арасындағы бәсекелестік деңгейін арттырып, заңсыз практикалардың сын-қатерін азайту мен бюджет қаражатын неғұрлым тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.