Еңбек • Бүгін, 08:17

Құрылысшы болуға қабілет керек

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ләззат Бекқұловамен Астанада «Grand Building Group» компаниясы салып жатқан «Білім» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында жолықтық. Ол бұл салада 1999 жылдан бері еңбек етеді. Заты әйел болса да, өз ісін бірқатар ер азаматтан артық біледі. Зейнет жасына қарамай, қайнаған құрылыстың ортасында жүр.

Құрылысшы болуға қабілет керек

Құрылыс басындағы қызметі – әрлеп-сырлау прорабы. Сөйлегенде қандай жылдам болса, ісі де сондай ширақ. Талапшыл басшы екені түр-тұлғасынан-ақ көрініп тұр. Көкшетаудың тумасы. Оқыған мамандығы – агроном. Кеңес үкіметі тұсында комсомол, партияның жұмысына араласқан. Аумалы-төкпелі кезеңде ет жақындарынан айырылған. Жеке өміріндегі ауыр сынақтарды көтере білген ана жұмыстың қиындығына шағымданып, мойыған емес. Қолдау білдіріп, сенім артатын жақын адамдары қасында. Жұмысына ұқыпты, тірлігіне тиянақты, бастысы, адал ниетпен, еселеп еңбек етіп жүр.

– Елордаға ғасырлар тоғысында келдік. Ол кез қала енді-енді қалыптасып, ғимараттар көптеп салына бастаған тұс. Талай құрылыстың басы-қасында болдық. Сылап, сырлауды үйрендік. Тәжірибе жиған соң, өзгелерге үйрете бастадық. Заман өзгерді, заманмен бірге еңбек нарығы, еңбекке көзқарас жаңарды. Біз құрылысқа келген жылдары үйдің іші-сыртын сылап, сырлаумен түгел әйелдер айналысатын. Әрлеу-сырлаумен айналысамын дегенге қазір де жұмыс көп. Үй болған соң тозбай тұрмайды, оны жөндеуге білікті маман керек. 25 жылдық тәжірибеме сүйеніп айтарым, құрылысшы болу да – өнер. Оған ерекше еп, ыждағатты ықылас керек. Шебер жұмысшыны кез келген компания тәуір жалақы ұсынып, шақыртып алады. Өзімнің бір де жұмыссыз жүрген кезім болған емес. Жұмыс болса, еңбектен қашпаймыз, – деген Л.Бекқұлова бізді қасына ертіп, әдетімен құрылыс барысын бақылауға шықты. 

Кейіпкеріміздің жасы қазір 62-де. Еңбегіне 500 мың теңгеден жоғары жалақы алады. Үйді әрлеп-сырлайтын бригадалардың жұмысын тексеріп, қабылдайды. Қате-кемшін тұсын көре қалса, түзеуге, қайта істеуге міндеттейді. Кезекті қабаттың сапасын тексеріп жүріп, әңгіме ауанын қаладағы құрылыстардың сапасына бұрды.

– Жұмыстың сапасына жауапты болған соң қате көрсек, бірден ескертеміз. Өйткені жұмысты растап, құжатқа қол қоятын өзіміз. Біз айтқанда кемшілігін мойындап, лезде жұмысын реттеуге кірісетін аптал азаматтар бар. Сондағысы маған емес, өздеріне намыстанады. Олардың қолынан жұмысты қате істеу келмейді. Мықты құрылысшы тәрбиелеген балалар алғыр, тірлігіне ұқыпты болады. Мен білетін нағыз жұмысшы мамандар солар. Өз міндетіміз туралы айтсам, әуелі үйдің қабырғаларын сылаймыз, сылаған соң ағартамыз. Ізінше бетіндегі кедір-бұдырын тегістеп, бояймыз. Құрылыс алаңында 12 қабатты екі үйдің, 18 қабатты бір үйдің әр қабатына күнде екі мәрте көтерілемін. Жұмыс ауқымды. Бір мезгілде 500 адамның жұмысын бақылаған кезіміз болды. Құрылыста жұмысшы бірінші әділ, сосын шыншыл болуға тиіс. Жұмысты шала-жансар істегендердің өтірігі түбі әшкере болады. Біз ондай олқылықтарға жол бермейміз. Халықтың сенімімен, қауіпсіздігімен ойнауға болмайды, – дейді Л.Бекқұлова.

Л.Бекқұлова Астана қаласындағы сәулеті мен дәулеті келіскен 50-ге жуық ғимараттың сапасын өзі қадағалаған. Бірнеше құрылыс компаниясында жұмыс істеген. Заманнан қалмай, құрылыс саласындағы жаңашылдықтарға, стандарттарға ілесіп отырады. Біз көтерілген ғимараттың бұрыш-бұрышының дәлдігін арнайы аспаптармен жіті тексерді. Құрылыстың сапасын жақсартқан стандарттарды сөз етіп, соның қаншалықты сақталғанын нақты көрсетіп берді. Тәжірибелі маман өз сөзінде жыл өткен сайын құрылыс компаниялары да сапалы жұмыс істеуге дағдыланып келе жатқанын айтты. Мұның себебін құрылыс басшылығының, тұрғындардың талабы жоғарылағаннан деп түсіндірді. 

– Атүсті жасалған жұмысты үй тұрғындары қабылда­майды. «Там – түбінен» деген сөз бар. Тұрғын үйдің алдымен іргесі берік болғаны абзал. Одан кейін кірпіштің түзу қаланғаны, сылақтың сәтті шығуы, сырлау жұмыстары – бәрі-бәрі түбінде сапаға әсер етеді. Сапалы үйді адал құрылысшылар көтереді. Мықты құрылысшы болу – тәжірибеден. Салада еңбек етіп жүріп, небір шебер құрылысшыларды, инженерлерді көрдік. Әлі күнге мақтауын асырып, өзгелерге үлгі етіп жүреміз. Құрылыс саласы дамып келеді. Сондықтан өзімізден кейінгіге білгенімізді айтып, білмегенімізді үйреніп жүрміз, – деді Л.Бекқұлова.

Кейіпкеріміздің қапысыз қарым-қабілетіне, жылдар бойғы тәжірибемен келген шеберлігіне тәнті бола отырып, ел айтып жүрген еңбек адамының шынайы бейнесі осындай болса керек деген ой қорыттық.