Тұлға • Бүгін, 08:20

Тұлға жолы жеке өнегеден басталады

170 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қыркүйек – біздің әулетіміз бен отандық шығыстанушылар үшін ерекше ай. Белгілі қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбсаттар қажы Мәлікбердіұлы 1947 жылы осы айда жарық дүние есігін ашыпты. Әкем талай замандастары секілді мектеп бітіргенше ел басына түскен ауыртпалықты бір кісідей көтеріскен. Соғыстан кейінгі жылдардың тауқыметі, ауылдағы ауыр еңбек – бәрі де оның жастық шағының сынағы болды. Кеңшардағы жұмыстарға араласып, арба айдады, егін даласында тер төкті. Сол қиындыққа қарамастан, ол білімге деген ынтасын ешқашан жоғалтпады. Жастық қайратын еңбектен аямай, өмірдің сынағына төтеп беріп өсті. Алға қойған мақсат-мұратына қажырлы еңбегімен жетті.

Тұлға жолы жеке өнегеден басталады

Мектепті өте жақсы бітір­геннен кейін әкем Шымкент педагогика институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына оқуға түсіп, оны үздік тәмамдайды. Білімге деген ынтасы мен қабілетін ерте аңғарған оқу орны басшылығы жас маманға ерекше сенім білдіріп, Қазақстан Ғылым академиясының Әдебиет және өнер институ­тына жолдама береді. Жас ғалым сол сенім­ді ақтап, ғылым ордасында жемісті еңбек етті. Аз уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктері оның болашағын айқындап берді. Инс­титут басшылығы оны арнайы жолдамамен Мәскеу Шығыстану институтының аспирантурасына жіберді. Әкем сонда білімін тереңдетіп, ғылыми ізденісін жалғастырды. Одақ орталығында жүрген кезеңде ол өмірлік жарын жолықтырып, отбасын құрды. Сонымен қатар азаматтық борышын өтеп, әскери штабта саяси шолушы әрі хатшы қызметтерін қатар атқарды. Дәл осы жылдары мен Мәскеу қаласында дүниеге келіппін.

Шығыстану институтында оқып жүрген жылдары әкем араб тілін меңгеруге ерекше көңіл бөледі. Ізденісі мен табан­дылығының арқасында ол тілді жақсы игеріп шықты. Кейін Марокко Араб Республикасының Рабат қаласына бір жылдық тағылымдамаға жіберіліп, сонда мол тәжірибе жинақтап, араб тілін жетік деңгейде меңгеріп оралды. Мәскеуге қайта келген соң, ғылыми қызметін одан әрі жандандырып, зерттеу жұмыстарын жалғастырды. Ғылым жолы әрқашан жеңіл болмағаны белгілі. Аспиранттан бастап академик дәрежесіне дейін көтеріліп, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі атанды. Елдік істерге араласып, қоғамдағы күрделі мәселелердің шешімін табуда белсенділік танытты. Сон­дықтан да оны мемлекет және қоғам қайрат­кері ретінде ел таныды, еңбегін жоға­ры бағалады.

1975 жылы Мәскеуде ғылыми ізденісінің нәтижесі ретінде әкем кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Осыдан кейін Алматыға оралып, ғылыми әрі педагогикалық қызметін жаңа деңгейде жалғастырды. Дәл осы кезеңде Қазақ КСР Министрлер кеңесі жоғары оқу орындарында араб тілі мамандарын даярлау және мектептерде араб тілін пән ретінде оқыту мәселесін қолға алу жөнінде қаулы қабылдаған еді. Бұл жа­­уапты міндетті жүзеге асыру әкемнің үлесіне тиді. Әбсаттар Мәлікбердіұлы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде араб бөлімін ашуға бастамашы болды. Сонымен қатар мектептерде араб тілін пән ретінде енгізу, оны оқытудың әдістемелік негізін жасау ісіне тікелей атсалысты. Бағдарламалар әзірлеу, оқулықтар жазып, басып шығару сияқты ауқымды жұмыстарды да өз мойнына алды. Сол жылдары Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Душанбе, Фрунзе қалаларынан араб тілі бойынша білім алған жас мамандарды іздеп тауып, оларды Қазақстанға шақырып, оқу-ағарту ісіне жұмылдырды. Осылайша, кадр даярлау мәселесін де жүйелі түрде шешті. Оның ұсынысын қабылдаған жас мамандардың бірқатары бүгінде еліміздің түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр. Тіпті, солардың арасынан Тәуелсіз Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінде төтенше және өкілетті елші қызметін атқарған азаматтар шыққаны белгілі.

Абу

Басында ҚазҰУ-дың филология факуль­­тетінің жанынан әкем ашқан араб бөлімі кейіннен Шығыстану факультетіне айналып, араб тілінен басқа парсы, хинди, урду, қытай, кәріс, жапон тілдері бойынша маман­­­дар даярлайтын үлкен ұжым­ға айналды. Сол мамандық­тар бо­йынша білім алған жастар бұл факультеттің қандай қиын­дық­пен ашылғанын, тіпті оған ашықтан-ашық қарсы шыққан адамдардың болғанынан хабары жоқ та шығар. Әсіресе 1986 жылы Желтоқсан көтерілісі тұсында араб тілін оқығандардың діншілдігі күшейіп кетеді деген пікірді қолдаушылардың көбейіп кеткені мәлім. Таяқтың екі ұшы болса, соның бір ұшы жазықсыздан-жазықсыз әкемізге тиіп жатты.

Әкем марқұм өз жолын дұрыс таңдады және мамандығының болашағы үшін талмай еңбек етті. Ғылыми, шығармашылық, ұйымдастырушылық жұмысы мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Мұның бір белгісі – Тәуелсіздік тұсында алған ордендері мен медальдары. 

Біріншіден, әкем Әбсат­тар қажы Дербісәлі білім мен ғылым саласының іскер ұйым­дас­тырушысы, майталман білгірі және қоғам қайраткері ретінде танылды.

Екіншіден, Сыртқы істер министрлігі саласында қызмет істей жүріп, кәсіби дипломат екенін танытты. Дип­ломатия саласының қыр-сырын жетік меңгеріп, оны ғы­лыммен ұштастыра білді. Мәсе­лен, Сауд Арабиясында елші­нің кеңесшісі қызметін атқарған кезінде Үндістанның Кашмир штатын­дағы қазақтың біртуар перзен­ті Мұхамед Хайдар Дулати­дің зиратын та­уып, оның 500 жылдығы аясында паш еткен жаңалығы – отандық тұлғатануға қосылған сүбелі үлес.

Үшіншіден, әкемнің ғылым жолындағы іргелі еңбектерінің бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиден өзге, әлемге беймә­лім 30-дан аса Әл-Фарабилердің, сондай-ақ 70-ке жуық Әл-Таразилердің есімдерін ғылыми айналымға енгізуі. Бұл – халқымыздың XII ғасырдағы рухани қазынасын қайта түгендеген, әлемге танытқан зор жаңалық әрі ұлт ғылымына қосылған қо­мақты үлес. Нә­ти­жесінде, қазақ топырағынан шыққан ғұламалардың есімдері мен олардың зерттелмей келген еңбектері ғылыми айналымға қайта оралды. Осы  іргелі жұмысты әрі қарай жалғастыру – шығыстанушы Ә.М.Дербісәлі шәкірттерінің борышы екені анық. Мәселен, Ислам Жеменей, Шәмшадин Керім, Ықтияр Пал­төре, Қайрат Жолдыбай сын­ды ізбасарлары осы бағытта еңбек­теніп, ұстаз салған соқпақты ілгері дамытып келеді.

Төртіншіден, Қазақстан мұ­сылман­­дары діни басқарма­сының басшысы, Бас мүфти болған кезінде осы салада бірегей өнеге қалдырды. Мәселен, ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі ислам дінінен жастарымыз ауытқымас үшін ұлттық кадр даярлау мақсатында Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдени орталығын Ислам университеті етіп ашуға мұрындық болды. Бұған қоса бірқатар медресенің ашы­луына ықпал етті. Бұрын елімізде мұндай оқу орындары жоқ кезде жастар түрлі елдердегі діни оқу орындарында білім алып, кейде қазақтың салт-дәстүрімен үйлеспейтін жат ағымдардың жетегінде кеткенін жақсы білеміз.

Әбсаттар қажы діни қызмет­кер­лердің киім үлгілерін байқау арқылы қалып­­тас­тырды, олардың сауатын арттыру үшін арнайы аттестациядан өткізу тәртібін енгізді. Ол еліміздегі ислам діні саласы бойынша жарияланған шығармаларды барынша зерделей отырып, бұрын болған медреселер мен оқу орындарын тізімге алып, нәтижесінде Қазақ ислам энциклопедиясын жарыққа шығарды. Ал Ислам өркениеті жайында жазған еңбектері – өз алдына бір төбе.

Ұлт руханияты мен қо­ғамының да­­­­­­муына өлшеусіз үлес қосқан қоғам қайраткері, ғалым Әбсаттар қажы Дер­бісәлі өмірден озға­лы төрт жылдан аса уақыт өтті. Елге елеулі тұлғаларды лайықты еске алып, есімін қас­терлеп, құр­мет­теп отыру – ұрпақ пары­зы. Ол кісі бү­кіл шығармашылық өмірі мен ең­бек жолын Алматыда өткіз­ді. Сон­­дықтан да Алматы қала­сын­дағы орталық көше­лер­дің біріне көрнекті шығыс­танушы Әбсаттар Дербі­сәлі есімін беру мәсе­­ле­сін қарастырудың уақыты жеткенін әріптестері мен шәкірттері жиі айтып жүр. Тіпті оқу орындары мен орталық мешіттердің біріне оның есімін беріп жатса, лайықты әрі са­­­­­­уапты іс болар еді.

 

Ербол ДЕРБІСӘЛИЕВ