
ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған сарбаз әскери бөлімге келген сәттен бастап, командирлермен және психологпен әңгімелесу барысында, бірнеше рет әскери қызметті өткергісі келмейтінін білдірген.
— 2025 жылғы 15 қыркүйекте Ш. қатардағы сарбаз «психикалық бұзылыстар» алдын ала диагнозымен Ақтау қаласындағы психоневрологиялық диспансерге госпитализацияланды. Бұл туралы әскери қызметшінің ата-анасына хабарланды. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары қатардағы сарбаз Ш.-ға қатысты ықтимал заңсыз әрекеттер фактісі бойынша тексеру жүргізіп жатыр, — делінген хабарламада.
ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметінің мәліметінше, сарбазды тереңдетілген медициналық тексеруден өткізу үшін, Астана қаласындағы Қорғаныс министрлігінің Бас әскери клиникалық госпиталіне жіберу жоспарланып отыр.
— Азаматтар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін расталмаған ақпарат пен негізсіз пікірлер таратудан бас тартуға шақырамыз, — делінген хабарламада.