Саясат • Бүгін, 08:58

Парламентаралық байланысты нығайтатын жиын

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған палата делегациясы Қырғыз Республикасына жұмыс сапарымен барды. Сапар аясында Сенат спикері Бішкекте өткен Орталық Азия мемлекеттерінің III Парламентаралық форумында сөз сөйледі және Қырғызстан Жогорку Кенешінің төрағасы Нұрланбек Тұрғынбекуулумен кездесті. Сондай-ақ қазақстандық делегация Қазақ-қырғыз зиялыларының IX форумына қатысты.

Парламентаралық байланысты нығайтатын жиын

Мәулен Әшімбаев Орталық Азия мемлекеттерінің III парламентаралық форумына қатысушыларға ілтипат білдіріп, қырғыз халқын Ұлттық тіл күнімен құттық­тады. Сонымен қатар ол бұл кездесулер Орталық Азия үшін маңызы зор киелі орын­дарда өткізіліп келе жатқанына назар аударды. Сенат төрағасы өз сөзінде III форум­ды өткізу парламентаралық байланыстарды нығайтудың рәмізі және тарихқа, бауырластыққа, жарқын болашаққа деген ортақ ұмтылысқа құрмет екенін атап өтті.

Палата спикері қазіргі таңда Орталық Азияның әлеуетін дамыту және күрделі геосаяси ахуал мен әлемдік экономикадағы тұрақсыздық жағдайында өзекті проблемаларды шешуге жәрдемдесу жолында парламенттік дипломатияның маңызы арта түскенін айтты. Осы орайда ол қолға алынған бастамалардың іске асырылуын жеделдету ісінде парламенттер ықпал ете алатын негізгі бағыттарға тоқталды.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы «Орталық Азия ренессансы» атты мақаласында «Алдағы он жыл біздің аймақтың болашағын айқындайтын кезең болады және осы тарихи мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдалана алатынымыз тек өзімізге байланысты» деген еді. Орталық Азия мемлекеттерінің парла­мент­аралық форумы аясындағы бірлес­кен қадам осы ортақ мүддеге табан тірей­ді. Қазірдің өзінде белсенді жұмыс жүргізі­ліп жатқан және парламенттер қолға алын­ған бас­тамалардың іске асырылуын жедел­детуге ықпал ете алатын бірқатар негізгі бағыт­ты атап өткім келеді. Ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту үшін заңнамалық негізді нығайтудың мәні зор. Екінші маңыз­ды бағыт – жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізуді заңнамалық тұрғы­дан қолдау. Біз Өзбекстан Парламентін­де ЖИ туралы заңды қарау аяқталғанын және Қырғызстанда Цифрлық кодекс қабылданғанын білеміз. Қазақстанда да Цифрлық кодекс әзірленіп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Бұл орайда біздің заңдарымыздың бір-бірінен алшақтамауы және ұқсас қағидаттар мен тәсілдерді қолдану аса маңызды», деді М.Әшімбаев.

Сонымен қатар өңірлік өзара іс-қимыл үшін өзекті мәселе экологияға қатысты проблемалар, нақты айтқанда, Парламенттің қатысуын талап ететін су-энергетикалық ынтымақтастық бағытындағы түйткілдер екені айтылды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Су мұнаралары серіктестігі бастамасын ұсынды. Оның мақсаты – мұздықтарды зерттеу және қорғау үшін жаһандық ғылыми орталықтардың күш-жігерін біріктіру арқылы гляциологиялық ғылымды жүйелі қолдау. Бұл ретте Тәжікстан мен Франция­ның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған Криосфералық ғылымдар бо­йынша онжылдық іс-қимыл айрықша мәнге ие. Соны ескере отырып, біз осы маңызды мәселені шешу жолында өзара байланыс­ты одан әрі арттырудың берері мол деп есептейміз. Бүгінде өңірде экологиялық күн тәртібін ілгерілету бағытында айтарлықтай шешімдер қабылданып жатыр. Мұндай жағдайда бізге су-энергетикалық және экологиялық реттеуді заңнамалық деңгейде синхрондаудың маңызы жоғары», деп Сенат спикері өзара іс-қимылдың алдағы кезеңдегі басқа да негізгі бағыттарын тілге тиек етті.

Форумның күн тәртібін талқылау барысында Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан парламенттері палата­ларының басшылары мен өкілдері парла­ментаралық байланыстың тиімділігі аймақ­тың дұрыс даму траекториясын қалып­тастыруға және оның келешегіне тікелей әсер ететінін айтты. Сондай-ақ олар пар­ламентаралық ынтымақтастықты нығайту және қол жеткізілген барлық уағдаластықты тиімді іске асыру барысындағы бірлескен жұмыстың маңызына назар аударды.

«III Парламентаралық форумды Бішкек­те өткізу парламенттік өзара іс-қимыл мем­лекеттеріміз арасындағы стратегия­лық серіктестік пен одақтастық деңгейіне толық сәйкес дамитынын растай түседі. Егер бірінші форум парламенттік интеграцияның негізін қаласа, екіншісі оның күн тәртібін кеңейтті. Ал үшінші форум біздің бұдан да нақты әрі мазмұнды жұмысқа көшетінімізді көрсетеді. Мемлекеттеріміздің басшылары Орталық Азия өңірінде кооперация мен ынтымақтастықтың жоғары деңгейін белгілеп берді. Бұл ретте парла­мент­тердің, яғни біз­дің басты міндетіміз – прези­денттеріміз­дің барлық уағдаластықтарын тиімді іске асыруға үлес қосу және прагма­тика мен сенімге негізделген бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғас­тыру. Сон­дық­тан Орталық Азия мемлекет­терінің Пар­ла­мент­аралық форумы парламент­аралық өзара іс-қимылдың пәрменді және перспекти­валы тетігі ретінде ерекше маңызға ие екенін тағы да атап өткім келеді», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ Парламент Сенатының төр­ағасы бастаған қазақстандық делегация мү­ше­лері Қазақ-қырғыз зиялыларының IX фору­мына қатысты. Олардың қатарында көр­некті қоғам қайраткері Әділ Ахметов, Қазақ­стан Жазушылар одағының төрағасы Мере­ке Құлкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, жазу­шы, драматург, ақын, белгілі ма­нас­шы Баян­ғали Әлімжанов, «Қазақ га­зет­тері» ЖШС бас директоры, академик Дихан Қамзабекұлы, басқа да көрнекті қа­лам­герлер мен қоғам қайраткерлері бар. Кез­де­су­де екі халықтың терең тарихи және мә­дени бай­­ла­ныстарына негізделген мәдени-гума­ни­­­т­ар­лық ынтымақтастық мәселелері сөз болды.

«Бүгінде Қазақстан мен Қырғызстан зиялыларының алдында маңызды міндеттер тұр. Атап айтқанда, екі елдің әдебиеті мен өнерін насихаттауға басымдық берген абзал. Осы жұмыс аясында белгілі ақын-жазушылардың дәрістерін ұйымдастырған жөн деп есептейміз. Мәдени мұраны, әдеби шығармаларды цифрлық кеңістікте сақтау да аса маңызды. Ол үшін ғылыми еңбек­тердің электрондық нұсқаларын әзір­­леуге, аудиокітаптарды көбейтуге, вир­туал­ды музейлер ұйымдастыруға, тағы басқа жобаларды бірлесіп іске асыру­ға болады. Біз өз тарапымыздан осы баста­ма­­ларға қажетті қолдау көрсетуге дайы­нбыз», деп М.Әшімбаев Қырғыз Республика­­сы­ның бір­қатар мемлекет және қоғам қайрат­кер­лерін екі елдің достығын нығайтуға қосқан үле­сі үшін Қазақстанның мемлекеттік және пар­ламенттік наградаларымен марапаттады.

Орталық Азия мемлекеттерінің III Пар­ламент­аралық форумы аясында Сенат төр­аға­сы Мәулен Әшімбаев Қырғыз Рес­пуб­ли­касы Жогорку Кенешінің төрағасы Нұр­лан­бек Тұрғынбекуулумен екіжақты кездесу өт­кізді. Онда екі елдің өзара іс-қимылының қазір­гі жағдайы жан-жақты талқыланып, пар­ламентаралық ынтымақтастықтың басым бағы­т­тары белгіленді. Кездесуде Мемлекет бас­шылары­ның бастамаларын заңнамалық тұр­ғы­дан қолдаудың маңызына баса мән берілді.

«Кейінгі жылдары Мемлекет басшылары­ның достық пен құрметке негізделген қарым-қатынасының арқасында екіжақты байланыс айтарлықтай нығайып, өзара іс-қимыл жаңа деңгейге көтерілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға биылғы тамызда жасаған ресми сапары және Жоғары мемлекетаралық кеңестің кезе­кті 7-отырысы өзара ынтымақтастықты дамы­туға айрықша серпін берді. Сапар бары­­сын­да сауда-экономикалық, көлік-логис­­ти­ка, су-энергетика, мәдени-гумани­тар­лық және өңіраралық байланыстарды нығай­туға арналған бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды. Мұндай қадамдар екі ел арасын­дағы достық қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеретіні анық», деді М.Әшімбаев.

Өз кезегінде Нұрланбек Тұрғынбекуулу Сенат спикеріне парламентаралық форум жұмысына қатысқаны үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара қарым-қатынастарды дәйекті түрде дамытудың маңызына назар аударды, сондай-ақ белгіленген мәселелерді шешу жолында бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар

2,4 миллиард несие берілген

Шаруашылық • Кеше