Қоғам • Бүгін, 16:30

Кәсіпкерлердің басым бөлігі үшін жеңілдетілген салық режимі сақталады - Серік Жұманғарин

0 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексіне арналған республикалық семинарлардың қорытынды кездесуі өтті. Іс-шараға Үкімет мүшелері, оның ішінде Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Қаржы министрі Мәди Такиев, Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кәсіпкерлердің басым бөлігі үшін жеңілдетілген салық режимі сақталады - Серік Жұманғарин

Фото: primeminister.kz

Семинар барысында вице-премьер кәсіпкерлікке тікелей қатысты өзекті тақырыптардың бірі – арнайы салық режимдері жөнінде түсініктеме берді.

«Басты қағида: бұған дейін кім оңайлатылған салық режимінде жұмыс істеп келген болса, сол режимде қалады», деді Серік Жұманғарин.

Сонымен қатар ол өңдеу өнеркәсібі саласына енгізілетін жаңа ережелерге тоқталды. Министрдің айтуынша, түпкі тұтынушыға бағытталған кәсіпорындарға жеңілдетілген салық режимін қолдануға мүмкіндік беріледі.

«Өңдеу өнеркәсібінің бір бөлігіне рұқсат береміз. Ең алдымен, ол кәсіпорын офсетте немесе ірі кәсіпорындар үшін жеткізуші болып саналмайтын B2C секторына бағытталған болуы тиіс», деп нақтылады ол.

Ал саланың қалған бөлігі жалпыға ортақ салық салу тәртібіне көшеді. Бұл шешім өңдеу кәсіпорындары үшін қолданыстағы салықтық ынталандыру шараларының бар болуымен байланысты. Мәселен, өндірістік мақсаттағы импортқа ҚҚС есептеледі, сондай-ақ жаңғырту жұмыстары кезінде де салық алынбайды.

Вице-премьер мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларды да ерекше атап өтті. Оның сөзінше, қазір даму институттары арқылы ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылып отыр.

«Біз даму институттары бойынша ауқымды бағдарламаны бастадық. «Бәйтеректі» капиталдандыру биыл 1 трлн теңгеге жуықтады, ал үш жылдық бюджетке жыл сайын 1 трлн теңгеден салып отырмыз. Біздің бизнеске, соның ішінде негізінен өңдеу өнеркәсібіне жасап отырған қолдау шараларымыз қомақты қаржыны талап етеді. Сол себепті жалпы алғанда өңдеу саласы қолдаудан шет қалмайды деуге болады», деді Жұманғарин.

Соңғы жаңалықтар

2,4 миллиард несие берілген

Шаруашылық • Кеше