
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, гектар берекесі 15,6 центнерден айналуда. Бидайдың 70 пайыздан астамы үшінші сыныпқа сәйкес келеді.
Жоғары қарқынға мемлекеттік қолдау шаралары мен агросекторға заманауи технологияларды енгізу ықпал етті. 2025 жылы минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі үш есеге артып, 336 мың тоннаны құрады. Майлы дақылдардың егіс көлемі алғаш рет 495 мың гектардан асып отыр, ал екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 200 мың гектардан төмен болатын.
Техника паркін жаңартуға да ерекше көңіл бөлінді. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 1400-ден астам ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды, бұл 2024 жылғы деңгейден бір жарым есе көп. Науқанға 7 мыңнан астам комбайн жұмылдырылған, олардың 5 мыңға жуығы – заманауи әрі жоғары өнімді машиналар. Бұл жинау қарқынын арттыруға және өнім шығынын азайтуға мүмкіндік берді.
Науқанды сенімді өткізуге мемлекеттік қолдау да өз әсерін тигізуде. Диқандарға 94 мың тоннадан астам жеңілдетілген дизель отыны белгіленген бағамен бөлінді. Жеткізілім қатаң кесте бойынша жүргізілуде, жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде қиындықтар тіркелген жоқ. Астықты 4,3 миллион тонна сыйымдылығы бар 66 лицензияланған элеватор, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 2,9 миллион тоннаға шақталған шамамен 1,5 мың қоймасы қабылдап жатыр. Жалпы сақтаудың қуаттылығы 7 миллион тоннадан асады. Дәнді кептіруге тәулігіне 230 мың тоннадан астам өнім өңдей алатын 264 кептіргіш қондырғы тартылған.
Ақмолалық диқандар егін орағын жақсы нәтижемен аяқтамақ.
Ақмола облысы.