Денсаулық • Бүгін, 18:39

Қырықтан кейін: Ер-азаматтар мен әйелдердің денсаулығында қандай айырмашылық бар?

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аяқталған аптада Алматыда Еуразияның жетекші дәрігерлері мен ғалымдары 45+ тақырыбында денсаулықты сақтаудың заманауи әдістерін талқылады, деп жазады Egemen.kz.

Қырықтан кейін: Ер-азаматтар мен әйелдердің денсаулығында қандай айырмашылық бар?

Менопауза және андропауза жөніндегі ІІ Еуразиялық конгресі өтті жергілікті мамандарға қоса, шет мемлекеттерден келген білікті дәрігерлердің басын қосты.

ДСҰ сарапшыларының деректеріне сәйкес, бүгінде әлемде 60 жастағы және одан асқан әйелдердің саны 1 миллиардтан асады. Ал менопаузаның басталу жасы, соның ішінде Қазақстанда да, салыстырмалы түрде тұрақты қалпын сақтап тұр, орта есеппен - 49–50 жас. Осылайша, әйелдің өмірінің шамамен үштен бірі репродуктивті кезеңнен кейін өтеді.

Осы орайда Қазақстанда әйелдердің зейнеткерлік жасы 2028 жылға дейін өзгеріссіз қалғанын, 61 жас екенін еске салатын болсақ, демек әйелдеріміз менопауза басталғаннан кейін де кемінде 11 жыл еңбектенуі тиіс. Ең бастысы - осы кезеңде қатпрдан қалмай, денсаулықты сақтай білу қажет.

Өйткені, бүгінде менопауза қоғамдық денсаулық сақтау саласының өзекті мәселесіне айналып отыр. Тіпті, таяу келешекте экономикалық қауіп-қатерге төндіруі мүмкін. Басты себеп — 45 жастан асқан әйелдердің еңбекке қабілеттілігінің төмендеуі, оған менопауза белгілері мен денсаулыққа төнген қосымша жағдайлар әсер етеді. Бұған остеопороздық сынықтар, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, ақыл-естің кемуі, Альцгеймер ауруы сияқты басқа да кеселдер жатады.

- Бүгінде менопауза кезеңіндегі әйелдерге оңтайлы күтім көрсетуді қамтамасыз ету мәселесі барған сайын өзекті бола түсуде әрі қосымша ресурстарды талап етеді. Себебі «әдемі жастағы» әйелдердің саны күннен-күнге артып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазірдің өзінде менопаузалық кезеңді әйел өмірінің аса маңызды кезеңі деп танып, оның әлеуметтік, психологиялық және физикалық әл-ауқатын қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырады, - дейді Қазақстандық менопауза және андропауза қауымдастығының атқарушы директоры, PhD, акушер-гинеколог, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Галина Гребенникова.

Ал ер-азаматтпрға келсек, әлемдік зерттеулер 40 жастан асқан ерлердің 10–35%-ында климактериялық синдром белгілері байқалатынын көрсетеді. Олардың 51%-ында андрогендік бұзылыстардың (тестостерон тапшылығы) клиникалық белгілері анықталған, ал 3%-ында бұл бұзылыстардың айқын түрлері тіркелген.

Сонымен кезекті Конгресс Қазақстан мен басқа да елдердің жетекші мамандарын тәжірибе алмасу, диагностика, емдеу және өтпелі кезеңдегі әйелдер мен ерлердің денсаулығын қолдаудың жаңа тәсілдерін талқылау, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау саласында пәнаралық стратегияларды әзірлеу үшін біріктірді.

Халықаралық жиынға қатысушылар менопауза мен андропауза бойынша қазіргі заманғы тәсілдерге қатысты білімдері мен тәжірибелік дағдыларын кеңейтті, халықаралық ұсынымдарды талқылап, оларды қазақстандық тәжірибеге бейімдеді. Пікірталастарда нутрициологияның рөлі, гормоналды және гормонсыз қолдау, жеке емдеу бағдарламалары, сондай-ақ өңірлік денсаулық сақтау контексінде әйелдер мен ерлердің денсаулығына мультидисциплинарлық көзқарас мәселелері көтерілді.

Конгресс жұмысына халықаралық менопауза қоғамының (IMS) президенті, профессор Rosella Nappi қатысып, Қазақстанда бейімделетін менопаузаны басқару жөніндегі халықаралық ұсынымдарды таныстырды.
Шараны ұйымдастыруға Қазақстандық менопауза және андропауза қауымдастығы мен Қазақстандық жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығы (КМПА) мұрындық болды.

Оған қоса Қазақстандық менопауза және андропауза қауымдастығы 2025 жылдың шілдесінде Asia-Pacific Menopause Federation (APMF) мүшесі атанғанын айта кету керек. Алда халықаралық жобаларды іске асыру, ұлттық клиникалық хаттамаларды жаңарту, ғылыми зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр.