Қоғам • Бүгін, 08:30

Мазмұнды кітап шеруі

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қыркүйектің соңғы апталары қазақ даласында руханияттың оты маздап, кітап жәрмеңкесі салтанат құрады десек, артық емес. Күні кеше ғана Мәд­ениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Астана қаласындағы Ұлт­тық академиялық кітапханада өткен дәстүрлі «KitapTime – 2025» IV жалпы рес­­­публикалық кітап фестивалі – сондай шаралардың бірі ғана. Аталған іс-шара жалғыз Астанада ғана емес, өңірлерді түгел қам­ты­ға­нын айта кет­кен жөн.

Мазмұнды кітап шеруі

Ұлттық академиялық кітапханада өткен дәстүрлі фестивальға бір топ зиялы қауым, шетел елшіліктерінің өкіл­дері, баспагерлер, суретшілер, қолөнер ше­­­бер­­­лері, иллюстраторлар, кітап­­­ха­на­­шы­лар мен оқырмандар қатысты.

Кейінгі жылдары көпшілік кітап оқуға бет бұра бастағаны байқалады. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырыстарында елдің болашағы үшін кітап оқу мен баспа ісінің маңыздылығына ерекше тоқталып, кітап оқитын елдің ғана өркениетті, зиялы ұлтқа айналатынын жиі айтады. Қазір елімізде халықаралық, республикалық кітап фестивальдары мен көрмелері жиі өткізіледі. Кітап оқуды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шара жастардың рухани және интеллектуалдық дамуын қолдауға, сон­дай-ақ ұлттық мәдени құндылықтарды дәріптеуге арналды.

Астанадағы дәстүрлі «KitapTime – 2025» IV республикалық кітап фес­тивалінің ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық академиялық кітапхана директоры Күміс Қарсақбайқызы:

«Кітап оқуды насихаттауды, оқыр­­­ман­­­дарды кітапханаға тартуды, автор мен оқырмандарды байланыстыруды мақсат ететін «KitapTime – 2025» рес­пуб­­­­ликалық кітап фестивалі еліміздің бар­лық көпшілік кітапханаларында бір мезетте өтеді. Фестиваль аясында кітап көр­мелерімен, кітап баспалары – «Фолиант», «Отбасы хрестоматиясы» және кітап дүкендері «Кіtapal», «Абай үйі», «Пайдалы кітап», «Эльдорадо», шетелдер елші­­­лі­гінің кітаптар көрмелері және 20-дан астам қолөнер шебері өнімдерінің жәрмең­­­­ке­сімен таныса аласыздар», деді ол.

Іс-шарада бард ақын Табылды До­сымовтың шығармалары насихатталып, ақын өмірін қамтыған арнайы көрме қо­йыл­ды. Табылды шығармашылығынан әндер шыр­қалып, естеліктер айтылды. Елімізге белгілі өнерпаздар қатысқан кеште ақын өмірінің кейбір тұстары, шы­ғар­­машылықтағы алғашқы қадамдары сөз болды.

Көрермен көзайымына айналған тағы бір толқынды шара – «Күзгі жыр» поэзиялық думаны. Поэзиялық кеште арнайы қонақтар мен жас ақындар өлең оқып, жаңашыл жырларымен көзге түсті. Өлеңді мәнерлеп оқитын өнерпаздар мен әншілер қатысып, кештің көрігін қыздырды.

Фестиваль аясында еліміздегі және шетелдік баспалар мен кітап дүкендерінің қатысуымен ауқымды кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Қолөнер жәрмеңкесі мен арнайы тақырыптық көрмелер өтті. Жәрмеңкеге әртүрлі танымал баспалардың кітаптарымен қатар, ТМД елдері классиктерінің шығармалары қойылған әуесқой баспалар да қатысқан. Солайша, оқырман қауым іздегенін тауып, қалаған шығармасын сатып алуға мүмкіндік туды.

Бағдарлама барысында «Абай ауылы» этнолокациясы мен ақын мұрасына арналған көрме, «Ауылға кітап сыйлау» акциясы, елшіліктердің «Ұлттық атрибуттар» кітап-иллюстрациялық көрмесі, «BookCrossing», «Библиоринг» әдеби ойындары, велошеру, сурет көрмесі, шеберлік сағаттары, «Picnic time» фотоаймағы және басқа да іс-шаралар өтті. Мұның бәрі халықты кітап оқу мәдениетіне бұрудың бірден-бір жолы. Мәселен, елімізде сәуір айында Ұлттық кітап күні аталып өтіледі. Өзге дамыған мемлекеттер ондай бетбұрысты ерте кезден қолға алып, жолға қойғанын білеміз. Мысалы, Ұлыбританияда ата-аналар күнде баласымен бірге кемінде 25 минут кітап оқиды екен. Тіпті мектеп жасындағы балалардың сабақтан тыс уақытта оқитын әдебиеттерінің тізімі жасалған. Бұл тәжірибе Жапонияда да бар. Балаларды кішкентайынан кітапқа қызықтыру үшін ата-аналарға баланың жас ерекшелігіне сай кітаптар үлестіріледі. Кітапхана қызметкерлерінің нұсқауымен ата-аналар баласымен бірге күнде кітап оқиды. Ай сайын үйіне жақын жердегі кітапханаға кітаптарды өткізіп, қажет кітаптарын алып кетеді. Жапониядағы Халықара­лық балалар әдебиеті кітапханасында балаларға арналған үздік әдебиеттердің цифрлық қоры жасақталған. Елдің түкпір-түкпіріндегі ата-аналар балаларына виртуалды кітап­­ха­надан қажет кітаптарын оқып бере алады. Ал Финляндияда жаңа туған сәбиге арнаулы қорапша сый­ға тартылады. Оның ішінде 1 жасқа дейін­гі балаға арналған кітаптар топтамасы болады. Ата-ана жаңа туған сәбиге иллюстрациялық кітаптарды дауыстап оқу арқылы баланы ерте жастан кітапқа баулиды. Сонымен қатар ауыл-ауылдарды аралап жүретін арнаулы кітапхана-автобустар болады (Book bus).

«KitapTime – 2025» фестивалі бір мезетте республика бойынша барлық өңірлік кітапханада ұйым­дас­тырылып, түрлі форматта мазмұнды іс-шаралар қарастырылған. Биылғы айтулы фестиваль аясында 1089 іс-шара өткізіліп, 30 мыңға жуық оқырман қамтылған.

Соңғы жаңалықтар