
Фото: Ақорда
Президент жасанды интеллектіні дамытпай, жаһандық бәсекеге төтеп беру мүмкін еместігін еске салды. Цифрлық жүйелер мен жасанды интеллект егемен ел болудың кепіліне, экономикалық дамудың қозғаушы күшіне айналды.
«Сондықтан біз де осы ахуалға сай алдымызға биік мақсат қойдық. Қазақстан үш жыл ішінде толыққанды цифрлық ел болуы керек. Мен бұл туралы халыққа Жолдауымда жан-жақты тарқатып айттым. Жалпы, елімізде осы бағытта біраз жұмыс істелді. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің 92 пайыздан астамы онлайн форматта ұсынылады. Былтыр еліміздегі қолма-қол ақшасыз төлемнің үлесі 85 пайыздан асты. Сондай-ақ биыл алғашқы жарты жыл ішінде Қазақстан азаматтарына 26 миллион цифрлық қызмет көрсетілді. Соның жартысына жуығы смартфон арқылы жасалған. Мұның бәрі де, әрине, жақсы. Дейтұрғанмен жасанды интеллектінің даму жылдамдығы өте тез, қарқыны жоғары. Сондықтан бір орында тоқтап қалмай, бұл іске үнемі жаңа көзқараспен қарау қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгінгі басқосу «Білім беру саласындағы жасанды интеллект: мүмкіндіктер және сын-қатерлер» тақырыбына арналатынын айтты.
Президенттің пікірінше, біз қазір түбегейлі өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Жасанды интеллект бүгінде экономиканың, мемлекеттік басқару жүйесінің, ғылымның, ең бастысы, білім беру саласының келешегін айқындауда.
«Біздің ұлт ретінде бәсекеге қабілеттілігіміз және егемендігіміз осы технологияны қалай пайдаланатынымызға қарай анықталады. Жасанды интеллект осы трансформацияның қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл орайда әлемдегі немесе аймақтағы көшбасшылық туралы сөз қозғалып отырған жоқ. Басты мақсат – Қазақстанды озық, өркениетті елге айналдыру. Көптеген жетекші елдер жасанды интеллектіні XXI ғасырдың стратегиялық ресурсы ретінде мойындады және оны дамытуға қомақты қаржы бөліп отыр. Мысалы, Қытай «ЖИ +» (AI+) атты мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда. Оның аясында жасанды интеллект технологиясын экономикаға, ғылымға және әлеуметтік салаға кешенді түрде интеграциялау көзделген. Ал Құрама Штаттар аталған салада дүние жүзі бойынша көш бастауды мақсат тұтады. Соған сәйкес стратегиясын іске асыра бастады. Бұл фактілер әлемде мүлдем жаңа даму парадигмасы қалыптасып жатқанын көрсетеді: жаһандағы технологиялық бәсекенің негізгі факторы – жасанды интеллект. Қазақстан бұл үдерістен тыс қала алмайды. Сол себепті біз барлық саладағы интеграцияны үйлестіру үшін Жасанды интеллект министрлігін құрдық», деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «AI-Sana бағдарламасы аясында 440 мыңнан астам студент жасанды интеллект саласы бойынша арнайы сертификатқа ие болды»
Мемлекет басшысы еліміздің алдында тұрған басты мақсат отандық технологияны жан-жақты дамыту және мықты IT мамандарын даярлау екеніне мән берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласындағы негізгі басымдықтарға тоқталды.
«Университеттер жаңа заманға сай мамандар дайындауға тиіс. Қазақстанның инженерлері, зерттеушілері және кәсіпкерлері бүкіл әлемнің қажетіне жарайтын озық технологияларды ойлап табуға қабілетті болуы керек. Жыл басында елімізде AI-Sana бағдарламасы іске қосылды. Осы жоба аясында 440 мыңнан астам студент жасанды интеллект саласы бойынша арнайы сертификатқа ие болды. Мұндай бағдарламалардың пайдасы мол, себебі дәл осындай алаңдарда ең үздік жобалар өз алдына стартап ретінде қалыптасып, халықаралық нарыққа шыға бастайды. Алайда біз әлемдік нарықта жасанды интеллект мамандарына деген сұраныстың өте жоғары екенін ұмытпауымыз керек және алдағы уақытта бұл сұраныс тек өсе бермек. Мұндай жағдайда, тіпті, білім беру жүйесінің мүмкіндігі де шектеулі болары анық. Сол себепті қазіргі озық технология дәуірінде әр маман иесі өзінің негізгі кәсібімен қатар, цифрлық дағдыларды жетік меңгеріп, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жұмыс барысында қолдана білгені жөн», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бүгінде елімізде жасанды интеллект мамандарын оқытатын арнайы оқу орны жоқ екеніне, олар тек жекелеген университеттерде білім алатынына назар аударды.
«Бұл мәселені қолға алып, нақты шешім қабылдау керек. Әлемде мұндай тәжірибе бұрыннан бар. Мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінде Мұхаммед бен Заид атындағы мамандандырылған Жасанды интеллект университеті құрылды. Қазақстанда 79 университетте ІТ мамандығы бойынша 63 мыңнан астам студент оқиды. Былтырдан бері білім беру бағдарламаларына Жасанды интеллект пәні жаппай енгізіліп жатыр. Сондай-ақ университеттерде жасанды интеллект жөніндегі ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Білікті ғалымдарымыз былтыр KazLLM атты қазақ тілінің жеке моделін жасап шығарды. Осының бәрі өте маңызды жобалар екені сөзсіз. Бірақ алда ауқымды жұмыс бар», деді Мемлекет басшысы.