Аймақтар • Бүгін, 17:30

Ақмола астықтан рекорд жаңартуға дайын

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысы басты астықты өңір екенін тағы айғақтады. Қазірдің өзінде 6 млн тоннадан астам астық бастырылған, ал жалпы өнім көлемі 7 млн тоннадан асады деп болжанып отыр. Мұндай жоғары көрсеткішке өңір соңғы 13 жылда жетпеген екен, деп жазады Egemen.kz.

Ақмола астықтан рекорд жаңартуға дайын

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Науқанның 80%-дан астамы аяқталып, 156 шаруашылық жұмысты толықтай аяқтаған. Орташа өнімділік гектарына 15,9 центнерді құрап, астықтың елеулі бөлігі жоғары сапамен ерекшеленеді.

Аталған нәтижеге қолайлы табиғи жағдайлармен қатар, аграрлық сала өкілдеріне маусымдық науқанға алдын ала дайындалуға мүмкіндік берген кешенді мемлекеттік қолдау да ықпал еткенін айта кеткен жөн.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше биыл егістік алқабы 300 мың гектарға ұлғайып, 5,5 млн гектарға жеткен. «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша мыңға жуық фермер қаржыландыруға ие болып, машина-трактор паркін жаңартуға және шаруашылықтардың техникалық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік алды. Дала жұмыстарына 20 мыңға жуық техника жұмылдырылып, жеңілдікпен дизель отыны берілді.

Соңғы екі жылда майлы дақылдар алқабы 2,5 есеге өсіп, алғаш рет 500 мың гектарға жеткен. Сондай-ақ жоғары репродукциялы тұқымдар себілетін аумақтың үлесі артып келеді.

Бұл – алдағы жылдардағы жаңа рекордтық нәтижелердің негізін қалайды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биылғы өнім соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіш. 7,2 млн тонна астық пен 650 мың тоннадан астам майлы дақыл жиналады деп жоспарланып отыр.