
Фото: Үкімет
Кездесуде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, көлік-транзиттік, ауыл шаруашылығы салалардағы өзара іс-қимыл, жасанды интеллект пен цифрландыруды енгізу және басқа да өзекті мәселелерге назар аударылды. Тараптар өзара сауданы одан әрі арттырудың зор мүмкіндігін атап өтті. Қазақстан Мажарстанға экспортты 95 тауар түрі бойынша арттыруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ жаңадан құрылған Қазақстан-Мажарстан инвестициялық қоры бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асырудың маңызды құралына айналады.
Серіктестіктің негізгі бағыттарының бірі – көлік-логистика саласы. Қазақстанның Еуропалық Одаққа экспортын кеңейту мақсатында Будапешт агломерациясында интермодальды жүк терминалын салу бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыру перспективалары талқыланды.
Сонымен қатар ЖИ технологияларын енгізу саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық басымдығы атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Үкіметі жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтың сапалы орындалуын ерекше бақылауға алатынын баса айтты.
Өз кезегінде, Мажарстан Президенті Тамаш Шуйок Қазақстандағы инвестициялық ахуалды жоғары бағалап, қазақ-мажар ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді.