Спорт • Бүгін, 15:50

Өзбекстан Қатарға қарсы матчта тәртіп бұзғаны үшін 340 мың доллар төлейді

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Азия футбол конфедерациясының (АФК) тәртіптік комитеті Өзбекстан футбол қауымдастығына бірнеше ереже бұзушылық үшін 340 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл тағайындады. Жаза 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңіне байланысты 10 маусым күні Ташкентте өткен Өзбекстан-Қатар ойынына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өзбекстан Қатарға қарсы матчта тәртіп бұзғаны үшін 340 мың доллар төлейді

Фото: Ашық дереккөз

АФК шешімінде Ассоциация матчтан кейінгі жабылу салтанатын конфедерацияның келісімінсіз ұйымдастырғаны атап өтілген. ӨФҚ сондай-ақ АФК мен оның ресми серіктестерінің маркетингтік құқықтарын толыққанды қорғай алмады. Нәтижесінде «амбуш-маркетинг» деп аталатын құбылысқа жол берілген. Бұл тәртіп бұзушылық рецидивтік жағдай ретінде қарастырылған.

АФК шешімінде «амбуш-маркетинг» ұғымы деп футболшыларды марапаттау кезінде BYD автокөліктерінің тікелей стадион алаңына қойылып, сол жерде сыйлық ретінде табысталуы түсіндіріледі.

Сонымен қатар Ассоциация ресми іс-шараларды өткізу кезінде баспасөз мәслихаттары мен сұхбат ұйымдастыруда тиісті қолдау көрсете алмаған. Бұл да тәртіптік комитет шешіміне әсер еткен факторлардың бірі болды.

Айыппұл екі бөлікке бөлініп белгіленді: 300 мың және 40 мың доллар көлемінде екі түрлі бұзушылық үшін.