Әдебиет • Бүгін, 08:12

Нәзирашылдық нақыштары

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шығыс пен Батысты ұлт топырағына сіңіруге әуелден батыл қадамдар жасалып бақты. Әрі бұл бастамалар мәуелі жемісін беріп, төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңеюіне үлкен үлес қосты. Ақыл-ойымызға жаңа арна ашты.

Нәзирашылдық нақыштары

Нәзирашылдық басы Шығыс хикаяттарын, әсіресе «Мың бір түн» ертегілерін аударуда айқын көрінді. Алдымен, жыршы Жүсіпбек Шайқыисламұлының қыруар еңбегін атап кеткен жөн. Ол жырлаған «Сал-сал», «Зарқұм», «Жүсіп-Зылиха», «Мұңлық-Зарлық», «Шәкір-Шәкірат» атты дастандар – теңдессіз дүниелер, ұрпақтың ішкі санасын өсіретін бағалы жауһарлар. Ал Тұрмағамбет Ізтілеуұлының Шығыс алыбы Фирдоусидың «Шахнамасын» аударудағы шеберлігі ересен. Дастанда Сыр бойы мақамы, ауыз әдебиеті сарындары, ақынның өз дүниетанымы мол қосылғаны соншалық, мұны қазақтың төл туындысы деп қабылдап кеттік. Сондықтан да болар, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Шахнаманы» жоғары бағалап, «Фирдоуси үлгiсiмен халық ақыны Тұрмағамбеттiң өзi өлең етiп жазған Рүстем жөнiндегi дастанның қазақша варианттары» деп сүйінісін білдірген. Паң Фирдоуси дастанда:

«Парсы тiлi тiрi тұрғанда мен өлмеймiн,

Өлмейтiн асыл сөздiң дәнін шаштым»,  деп марқаяды. Пушкиннің «Ескерткіш тұрғыздым мен қолдан келмес» деген болашақ тағдырын болжау жыры Фирдоуси ықпалымен дүниеге келген деген сөз бар. Айтпағымыз Пушкин емес, жоғарыдағы Фирдоуси мақамын Тұрмағамбет ақын нәзирагөйлік сарынмен өзінше жырлайды.

«Тоқтатты Тұрмағамбет келген ойды,

Соңына «Шахнаманың» қолын қойды.

Балаша бағып-қағып, бабын тауып,

Өсiрдiм сүйрiктей қып сұлу бойлы.

Дүниеден өмiр бiтiп, өтсем де өзiм,

Аралап жердiң жүзiн жүрер сөзiм.

«Көре алмай кейiнгiнi кеттiм-ау» деп,

Арманда болмай-ақ қой екi көзiм».

Міне, Шығыс дастанының ұлттық сипатқа енуі, нағыз нәзиралық үлгі. Жал­пы, қазақ ақындарының ерекшелігі сол, қайбір дүниені де қазақтың өз қазанына салып қайнатуға бейім. Мәселен, Абай­дың аударма үлгісі – алдыңғы жыршылар­дың мұрасын байытқан, нәзиралықтың бөлек шеберлігіне шыққан жаңа мектеп. Крыловтан аударылған «Жаралы жүрек» атты өлеңді ақын барынша ұлттық ұғымға жақындатып, өз күйімен аударады. Мұнда жолма-жол аударма емес, мағынасын ғана алып, арғысын өзі жырлау басым. Мәселен, түпнұсқада Крылов:

«Я бабочку видел с разбитым крылом,

Бедняжка под солнечным грелась лучом,

Стараясь и слабость, и смерть превозмочь,

Пока не настала холодная ночь»,

десе, Абайда мұның алғашқы қатары ғана тура аударылған да, қалғаны өз сөзімен жырланған.

«Мен көрдім сынық қанат көбелекті,

О дағы білер өмірді, іздемекті.

Күн шуаққа жылынар қалт-құлт етіп,

Одан ғибрат алар жан бір бөлек-ті».

Ал осы аудармаға хакім түпнұсқада жоқ соңғы бір шумақты өзі қосады. Солайша өлеңге ұлттық жаңа әр, нақыш береді.

«Мен көрдім дүние деген иттің көтін,

Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін.

Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,

Көбінің сырты бүтін, іші түтін».

Меніңше, хакім жырды аударып отырып, әсерленіп кеткен секілді. Әсерлене келе, жүрегінен шумақ төгіліп кеткен, еріксіз өз тұжырымын қосып жіберген.

Әйгілі Уитменді алғаш Мұқағали ­аудармасынан таныдық. Жаңашыл жыршыны оқи келе, өз топырағымызда туған ақынды оқығандай күй кештік. Тіпті аса селт ете қойғамыз да жоқ. Кейіннен атақты Уитменді орысшадан оқығанымызда, мүлде басқа адамға кезіктік. Мінезі бүлікші, екпіні жүйкені қоздырғыш, «сойып саламын» деп ышқынған қарулы адамдай қуатты ырғаққа кез болдық. Сөйтсек, Мұқағали Уитменді қазақ етіп аударған екен. Ұлттың ибалы, қоңыр мінезін жұқтырып, өз жанының тербелісімен, жаңа мінез беріп жарыққа шығарыпты. Бұл да алдыңғы ақындардан үйренген нәзирагөйліктің бір жұрнағы, жалғасы іспеттес дүние.

Алда нәзирашылдық жаңа белесі, жаңа тауы көрініп тұр. Осылайша, ұлт рухания­ты байып, ақыл-ойы аспандай бермегі даусыз.