Денсаулық • Бүгін, 14:05

Дәрі-дәрмекті таңдау еркіндігі беріледі 

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрлігі амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жаңа тетігін енгізуге кірісті. Нақтыласақ, дәрілерді бірлесіп төлеу жүйесі іске қосылады.  Қанатқақты жоба биыл Астана қаласында басталып, қолданыстағы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін толықтырады, деп жазады Egemen.kz.

Дәрі-дәрмекті таңдау еркіндігі беріледі 

Фото: ашық дереккөз

Жаңа тетік қолданыстағы тегін рецепт арқылы дәрі алу тәртібін өзгертпейді. Тұрғындар бұрынғыдай кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде дәрі-дәрмектерін ақысыз ала алады. Мұнда пациенттерге бірлесіп төлеу жүйесіне қатысушы дәріханалардан препаратты таңдау мүмкіндігі беріледі. Осы кезде де тегін дәрі алу құқығы сақталады. Бірлесіп төлеу тетігі пациенттерге өз бетінше шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни, дәріні тегін алудан бөлек, заманауи препаратты таңдауға мүмкіндік бар. Тіпті, кейбір перепараттардың құнының бір бөлігін өз есебінен төлей алады.

Төлем мөлшері – халықаралық патенттелмеген атауы бойынша белгіленген шекті баға мен таңдалған препарат құнының айырмашылығы шегінде жүргізіледі. Бірінші кезеңде өзгеріс «артериялық гипертензия» ауруы бойынша енгізіледі. Себебі былтыр амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында 3,3 миллион пациент дәрі алса, оның ішінде 1,2 миллионы артериялық гипертензиямен ауыратындар болған.

Төлемді «eGov» мобильді қосымшасындағы «Әлеуметтік әмиян» сервисі арқылы, QR-коды бар электронды рецепт негізінде жасауға болады. Пилоттық жоба амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге арналған Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының бекітілген бюджеті шегінде жүргізіледі.

Бірлесіп төлеу тетігінің негізгі мақсаты – емшараларды жақсартуға және ауру асқынуларын, мүгедектік пен өлім-жітімді азайтуға бағытталған. Бірлесіп төлеу жүйесі – мүмкіндікті шектемейді, керісінше кеңейтеді. Пациентке таңдау еркіндігін беріп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінің икемділігі мен ашықтығын арттырады.