Экономика • Бүгін, 15:25

Ұлттық банк инфляцияны тежеу үшін базалық мөлшерлемені көтерді

40 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сарапшылар  бұл тәсілді жиірек қолданудың нарыққа әсері аз екенін айтады. Базалық мөлшерлеменің 18 пайызға көтерілгенін мәлімдеген Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов инфляция төмендемесе,  қараша айында монетарлық саясатты одан әрі қатайтуды қарастыруы мүмкін екенін айтты, деп жазады Egemen.kz.

Ұлттық банк инфляцияны тежеу үшін базалық мөлшерлемені көтерді

Фото: Ашық дереккөзден

Орталық банктің жоғары базалық мөлшерлемесі инфляцияны баяулатып, несиелерді қымбаттатып, жинақ ақшаны тиімдірек етеді. Бұл тұтынушылық сұранысты төмендетеді және ұлттық валютаны нығайтады. Жыл басынан бері Ұлттық банк базалық мөлшерлеме мәселесі бойынша алтыншы рет жиналып отыр. 17 қаңтарда 15,25 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалды. 7 наурызда реттеуші базалық мөлшерлемені 16,5 пайызға дейін көтеріп, шешімді инфляция мен экономиканың өсуі жөніндегі жаңартылған болжамдармен түсіндірді. 11 сәуірде Ұлттық банк ағымдағы инфляциялық жағдайды және тәуекелдер балансын ескере отырып, мөлшерлемені тағы да 16,5 пайыз белгісінде сақтап қалды. 5 маусымда осындай шешім қабылданды - мөлшерлеме бұрынғы 16,5 пайыз деңгейінде қалды. Тамыз айында базалық мөлшерлеме де осы деңгейде қалды. Оған инфляция бойынша нақты деректер мен жаңартылған болжамдарды талдау негіз болды.  10 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 18 пайызға дейін көтерді.

Хабарланғандай, инфляцияның өсуі барлық негізгі көрсеткіштер бойынша тіркелген. Қыркүйекте жылдық инфляция Ұлттық банктің болжамынан асып, 12,9%-ға дейін жеделдеді. Инфляцияға бұрынғысынша азық-түлік құрамдауышы ең көп үлес қосады (өсім 12,7%).

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының есебінде теңгенің әлсіздігі импортты қымбаттатып, инфляцияны ушықтырып отырғаны айтылады.   Қыркүйекте теңге бір доллар үшін 1,9% -ға 549,07 дейін әлсіреді.  ҚҚҚ деректері бойынша ұлттық валюта үшін басты құрылымдық қауіп, сыртқы сауда теңгерімінің нашарлауы.

DEMOSCOPE бюросының 2025 жылғы қыркүйекте жүргізген зерттеуіне сәйкес, халықтың баға өсіміне қатысты алаңдаушылығының қызуы қызыл шекарадан асып кетті.    Қазақстандықтардың 75% -ға жуығы азық-түлік бағасының өсуіне алаңдайды. Тек 16,5% ғана әлеуметтанушыларға «онша алаңдаушылық білдірмейтінін» айтты.

Себебі түсінікті

Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, бір жыл ішінде азық-түлік тауарлары 11,7%-ға қымбаттады, ал отбасылар шығыстарының жартысынан астамы (50,6%) тамаққа тиесілі. Дәстүрлі түрде өзін аграрлық деп санаған ел үшін бұл парадоксалды. Бұл ретте түрлі макроэкономикалық талдаушылар теңгенің әлсіреуі мен ақша массасының өсуіне байланысты жыл қорытындысы бойынша инфляцияның одан әрі 12-13% -ға дейін өсуін болжап отыр.

Сол жиын барасында өткен азық-түлік қауіпсіздігі туралы онлайн пікірталас кезінде  Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары Шаймерден Ахметов бағаның өсуі «заңды процесс»  екенін айтқан.

Оның айтуынша,  бұл тек ішкі факторлармен ғана емес, сонымен қатар экономикалық және әскери оқиғалармен, айналадағы барлық нәрсенің құнына әсер ететін халықаралық қатынастармен де байланысты.

Сауда министрлігі Сауда және интеграция комитетінің Баға мониторингі және талдау басқармасының бас сарапшысы Бидәулет Серіковтың  айтуынша, мемлекет нарықты шығынға батыра алмайды және баға белгілеу тетігіне араласпайды, тек әлеуметтік маңызы бар өнімдерге сауда үстемақысын ғана реттейді.

«Бағаның өсуі - өндірісті тым қатаң реттеп, бағаны жасанды түрде төмен ұстап тұрған бұрынғы саясаттың нәтижесі. Біз өнімнің құнын ұзақ уақыт ұстап тұрдық - оның нақты өзіндік құнын ескермей, айырмашылықты тауарлық және тікелей субсидиялар арқылы өтедік. Енді нарықтық тетіктер жұмыс істеп тұрғанда өзіндік құн табиғи түрде қалыптасады. Өздеріңіз білетіндей, Бюджет кодексіне сәйкес мемлекеттік органдардың өндірістің өзіндік құнына ықпал етуге құқығы жоқ. Біз тек тауар айналымы тізбегін реттейміз - сауда үстемелерін бақылаймыз. Қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары үшін олардың шегі белгіленген - 15%. Сондықтан біз көріп отырған бағаның өсуі бірінші кезекте алыпсатарлықпен емес, өндіріс деңгейінде әділ баға белгілеумен байланысты, деп мәлімдеді сауда министрлігінің өкілі.

Сарапшылардың айтуынша, қолданыстағы шектеулердің өзінде де өсім сауда үстемелерінің есебінен ғана емес, азық-түліктің едәуір бөлігі елге әкелінетіндіктен де жалғасып жатыр.

  • Қазақстан негізгі позициялар бойынша, оның ішінде сарымсақ, сәбіз, қырыққабат, қара бидай сияқты «азық-түлік қауіпсіздігінің сыни тізбесіндегі» өнімдер бойынша импортқа тәуелді болып қалады.
  • Сауда министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың алғашқы жеті айында ғана көкөніс импорты 85,6% -ға өсіп, 100 миллион долларға жетті.

Қазақстандық сарапшы Замир Қаражановтың айтуынша, нарық тұрақты мемлекеттік шаралармен - квоталармен, шектеулермен, уақытша тыйым салулармен деформацияланып кетті. Көктемде билік ірі қара малды әкетуге уақытша тыйым салумен ет бағасының өсуін тежеуге тырысты. Бірақ мұндай шаралар проблемаларды жүйелі түрде шешпейді, керісінше, жаңа мәселеге жол ашады. 

Демек қазіргі проблема  ауыл шаруашылығы мүлдем басымдық болып саналмаған ұзақ жылдардың салдары. Себебі 2000 жылдардың  басында бәрін долларға сатып алуға болады деген түсінік басым болды.  Геосаяси өзгерістерден кейін азық-түлік базасынсыз қолымыздан ештене келмейтінін білдік.  Дегенмен, қазақстандық азық-түлік саясатының парадоксы барған сайын айқын болып келеді. Бір жағынан, азаматтар базалық өнімдерді үнемдеуге мәжбүр. Екінші жағынан, олар әлі де болса елдің өзін-өзі асырау қабілетіне сенеді.

Сол зерттеудің деректері бойынша, қазақстандықтардың 64% таяу бес жылда Қазақстан ішкі нарықты өз өнімдерімен қамтамасыз ете алатынына сенімді. Сонымен қатар, азаматтардың 45% азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін жоғары, ал 35% - орташа деп бағалайды.