Фармацевтика • Бүгін, 08:50

Дәрі-дәрмек: Отандық өнімнің үлесі қандай?

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Дәрі-дәрмек өндірісі экономиканың бір бағыты ғана емес, ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін коронавирус пандемиясы кезінде тіпті терең түсінгендей болдық. Ел медицинасының жай-күйі сыналғанда әдетте дәріхана сөресінен түспейтін қарапайым препараттарға тапшылық байқалып, әбігерге түстік. Сол тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет екенін атап айтты.

Дәрі-дәрмек: Отандық өнімнің үлесі қандай?

«Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана – отандық өнім. 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу қажет», деді Мемлекет басшысы. Содан бері де елімізде шетелдің ірі өндірушілері бірнеше мәрте бас қосып, келісім жасалды. Фарма­цевтикада әлемде үздік саналатын компаниялар зауыт құрылысын бастады. Мақсатқа жету жолында жаһандық фармацевтика корпорацияларымен ынтымақтастықты жандандырып, инвестиция тарту керек болды. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілермен жасалатын оффтейк келісімшарттардың көлемін арттырып, өнім түрін көбейту сынды жұмыстар қажет.

Денсаулық сақтау министр­лігі 2029 жылға дейінгі жол картасын әзірледі. Құжатта сатып алу үдерістерін, бағаны реттеу, цифр­ландыру, шетел­дік инвестиция тарту сынды міндеттер қамтылған. Бұл фар­мацевтикалық кәсіпорын­дар­дың дамуын жеделдетуге, кадр­лық әлеуеттің сапасын арт­тыруға, жаңа жұмыс орындарын ашып, озық технология­ларды енгізуге негіз болады. Ең бас­тысы, 2029 жыл­ға қарай жер­гілікті өндірістің үле­сін 50%-ға жеткізуге мүмкіндік туады.

Мемлекет басшысы «Жасан­ды интеллект дәуіріндегі Қазақ­­стан: өзекті мәселелер және­ оны тү­бегейлі цифрлық өз­ге­ріс­тер ар­қы­лы шешу» атты Жол­дауында да фар­мацевтика өн­дірісін мықтап жолға қоюды тапсырды. «Басқа да бағыттар бойынша жұмыстарды жандандыру керек. Соның ішінде фармацевтика өнеркәсібін дамыту­ға баса мән берген жөн. Өзімізде жа­салатын дәрі-дәрмектің түрі мен санын көбейту – стратегиялық міндет. Бұған әсіресе пандемия кезінде әбден көзіміз жетті», деді.

Фармацевтикада «Big pharma» деген ұғым бар. Бұл – жа­­­һандық фармацевтика ал­пауыт­тарының бейресми атауы. Бізге керегі – сол компаниялармен тығыз байланыс орнатып, озық тәжірибесін алу. Денсау­лық сақтау министрлігі ұсынған деректерге назар аударсақ, келісімшарт негізіндегі өндіріс жобалары жөнінде Оңтүстік Корея, Түркия, Германия, Жапония инвес­торларымен берік қарым-қатынас орнаған. Осындай бірлескен жобалар көбейсе, оның барлығы отандық фармацевтика нарығына оң ықпал ететіні анық. Бұдан өзге, саладағы кәсіпкерлер ел үкіметі ұсынған жеңілдіктерді толық пайдалана алады. Бүгінде фармацевтика өнеркәсібін дамытуға қатысты 5 жылдық жаңа бағдар­лама әзірленген.

Бізге фармацевтикалық өнім­дерін экспорттайтын елдер­дің алдында Германия, Швейцария, АҚШ, Үндістан, Түркия секілді мемлекеттер тұр. Экономикасы, өндірісі қуатты, фармацевтикасы дұрыс жолға қойылған елдерден үнемі дәрі-дәрмек тасып отыратын болсақ, келешекте соның зардабын көруіміз әбден мүмкін. Біріншіден, өндіруші шетелде болған соң, валюта бағамы, логистика дәрі-дәрмек бағасына тікелей әсер етеді. Оны реттеу­ге біздің шамамыз келмейді, қойған бағаға сатып алудан басқа амал жоқ. Ең қиыны, сол дәлізде қандай да бір геосаяси шиеленістер туындап, салдарынан логистика үзілсе, елдегі дәріхана сөрелерінен аса қажет дәрі-дәрмектің өзін таппай қалуымыз мүмкін.  

Жыл өткен сайын дәрі-дәрмектің бағасы қымбаттап барады. Сол себепті, қазір дәріхана сөрелерінен қымбат дәрі-дәрмектің арзан баламаларын жиі кезіктіретін болдық. Мұндай дәрілерді фармацевтикада дженериктер деп атайды. Мамандар дженериктің жасанды көшірме емес екенін ескеріп, сапасына алаңдауға негіз жоқ деп санайды. Сондықтан шетел­дерде тиімділігін көрсетіп жатқан дәрі-дәрмектерді бізде осы әдіспен өндіруге болады. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов: «Біздегі өндірістер­дің бар­лығы дженериктерге байланыс­ты екенін мойындауымыз керек. Ол «оригинал» дәрі-дәрмек емес. Біз «оригинал» дәрі-дәрмектің патенттік қорғанысы болғанша, оған дженерик шығара алмаймыз. Бұл мәселе Польшада да бар. Бұл елдің тәжірибесі бізге әжептәуір пайдасын тигізіп отыр. Дәрі-дәрмек қауіпсіздігіне қатысты нақты бас­тамалар қолға алынып жатыр. Сонымен қатар «СҚ-Фармация» арқылы отандық өндірушілерге басымдық беретін мемлекеттік сатып алу жүйесі жұмыс істеп тұр. Әрі шетелдік инвесторлармен «инвестициялық келісімдер» аясында кедергілердің бәрін жою тетігі де жолға қойылған. Фармацевтика қауіпсіздігі – мемлекеттің, экономика, медицина, құқық жүйесінің айнасы. Еліміз қазір осы саланы қайта қарап, нақты қадамдар жасап жатыр. Алайда ұзақмерзімді тұрақтылық орнасын десек, мемлекет, бизнес, сарапшылар  өзара байланыста ғана емес, бір топ болып, жұмыла әрекет етуі керек», дейді.

Отандық фармацевтика өндірісін дамытудағы негізгі мақсат – дәрі-дәрмектің қолже­тім­ділігін арттыру. Жуырда Денсаулық сақтау министрлігі «Химфарм» АҚ, «Johnson & Johnson Kazakhstan» ЖШС, «АстраЗенека Қазақстан» ЖШС сияқты жетек­ші фар­ма­цевтикалық компания­лар­мен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қой­ды. Келісімдер бірқатар қым­бат, әлеуметтік маңызы бар пре­парат­тың бағасын төмен­де­туге бағыттал­ған. Бұл туралы Денсау­лық сақ­тау министрі Ақма­рал Әлназарова былай деді: «Жетекші отан­дық, шетелдік фармацевтикалық компаниялармен меморандум­дар жасасу сындарлы өзара іс-қи­мыл мен әлеумет­тік жауапкерші­­лікке жалпы дайындығымызды көр­сете­ді. Мұндай бастамалар фар­ма­цевтикалық нарық­тағы тұрақ­тылықты нығайтуға, пациент­тер­дің қазіргі заманғы препарат­тар­­ға қолжетімді­лігін кеңейтуге, сон­­дай-ақ инвес­тициялық ахуалды да­мы­туға, өндірісті оқшау­лауға ық­пал етеді».

Келісім шеңберінде «Астра­Зенека» бөлшек және көтерме саудада өткізуге бірқатар өмірлік маңызды препараттың бағасын төмендетуді жоспарлап отыр. «Johnson & Johnson» компаниясымен меморандум шеңберін­де жұлынның бұлшықет атрофиясын – сирек кездесетін, бірақ прогрессивті, өмірге қауіп төндіретін ауруды емдеуге қол­данылатын Спинраза (Нуси­нерсен) препаратының баға саясатын қайта қарау туралы келісімге қол жеткен. Тағы бір маңызды қадам «Химфарм» АҚ-мен меморандум арқасында компания ІІ типті қант диабетін емдеуге қолданылатын Дапа­глифлозин препаратының сатып алу бағасын төмендетуге дайын екенін растады.

Осыған дейін 2024–2025 жыл­дары фармацевтика саласында жүргізілген екі аудиттің қоры­тындысы жарияланған еді. Соған сүйенсек, елдегі фармацевтика нарығының көлемі  былтыр 1,2 трлн теңгені құраса, оның 84%-ы – шетелдік өнім. Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, кейінгі жылдары отандық ком­паниялар жеткізетін дәрі-дәр­мек ассортименті 2 есеге дейін қысқарған. Отандық өндіруші­лер жеңіл медициналық бұйым­дардың ғана үлесін арттырған. Сол секілді былтыр мемлекетке 8 млрд теңгеге медициналық қол­­ғап жеткізген жеке компания қолғап­тарының көлемі мен сипат­тамалары компанияның сол кезеңде Таиландтан сатып алған партиясымен сәйкес кел­гені жария болған еді.

Қорыта келгенде, саланың дамуына кедергі болып отырған осындай қайшылықтарды мониторинг арқылы дер кезінде анықтап, реттемесе болмайды. Өйткені Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай фармацевтика нарығында отандық өндірістің үлесін 50%-ға жеткізу қажет деген тапсырмасы жалған статис­тикалардың артында қалып кетпеуге тиіс. Егер жоспар уақты­лы орындалса, көп ұзамай импорт­қа тәуелділік азаяды. Ондай оң өзгеріс фармацевтика нарығына, дәрі-дәрмек қауіпсіздігіне, ба­ғасына әсер етеді.