Мирас • Бүгін, 07:55

Бозанбайдағы бекзат өнер байқауы

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жылдағыдай нөпір ха­лық Бозанбайға қарай ағылды. Олар қыран құс­тың қалықтағанын, асауды құлақтағанын, тазының жүгіргенін қызықтасақ деп асық­ты. Айта кетейік, Шы­ғыста биыл бұл байқау бесінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Әуелде облыстық деңгейде бас­талған іс-шара бү­гінде халық­аралық дең­гейге шыққан.

Бозанбайдағы бекзат өнер байқауы

Суретті түсірген – автор

Биылғы додаға құс көтер­гендер сонау Қытай, Ресей, Испания, Мажарстан, Моң­ғолия, Қырғызстаннан келіп қатысты. Еліміздің түкпір-түкпірінен жеткен құс­бе­гілер қаншама. Ереже бәз-баяғы, бүркіт шырғаға түсіп, іріктелгендері қоян алса, қар­шыға, лашын сынды құс­тар көк жүзінде кептер теуіп, жиналған жұртты таң-та­маша етті. Расымен қызық. Жұдырықтай құстың шап­шаңдығына таңғаласың. Пыр етіп ұшқан кептерді ағындатып келіп тепкенде бұрқ еткен мамық қана қалды. Ал анау төбеден барлай ұшқан бүркіт қорғансыз қоянды тегеурінімен іле қонар еді. Үй қояны ғой, қа­шып үлгергенше қанатын қомдай келген аш қыран басып үл­гереді. Ішінара жалт беріп, құ­тылғаны да, сытылғаны да бар.

Бабадан келе жатқан бекзат өнер байқауын Бозанбайдың желке тұсындағы Бүркіт төбеде өткізу тегін емес. 80-жылдары осы ауылдан Өзбек Ма­напов есімді бүркітші шығып, жарты әлемге әйгіленсе, бүгінгі күнде Нажитбандар отбасы ата дәстүрді жаңғыртып отыр. Ауылдың өңі кетіп тұр дегені болмаса, көгінен қыранның саңқылы кетпеген қасиетті мекен. Табиғаты да әсем. Соны қызықтап келіп жатқан саяхатшылар да аз емес. Айтқандай, осы тойға облыс басшысы Нұрымбет Сақтағановпен бірге Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов келді. «Құсбегілік» федерациясының вице-президенттері Бағдат Мүп­текеқызы мен Жанжігіт Омархан да қатысты.

– Бұл – облыс үшін ғана емес, еліміз үшін маңызы зор фес­тиваль. Үш күн бойы Бүр­кіт төбе алаңының көркін спорт­тық бәсекелер қыздырып, қа­тысушылар достық пен бір­ліктің нағыз үлгісін көрсетті. Алтай мен Тарбағатайдың асқақ шыңдары мен кең даласында қыран құс салу – ата-бабамыздан жалғасқан көне дәстүрдің бірі. Саятшылық өнердің әлем­дік деңгейде мойындалып, ұлттық брендке айнала бастауы – халқымыздың ұрпақтан-ұр­паққа жалғасқан баға жетпес мұ­расы, мәңгілік құндылық еке­нін айғақтайды, – деді өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов.

Бүркіт тойына келгендер теңге ілу, жамбы ату сынды ұлттық спорт түрінен де са­йысқа түсті. Қырыққа жуық киіз үй тігіліп, қолөнер шебер­лерінің көрмесі өтті. Жи­нал­ған жұртшылыққа қазақ эс­тра­дасының танымал жұл­дыз­дары Кенжебек Жанәбілов, Досымжан Таңатаров сынды әншілер мен «Алатау серілері» тобы әннен шашу шашты.

– Халықтың пейіліне, ние­тіне қарай күн де жарқырап тұрды. Қаншама елден келіп, қазақтың дәстүрін көріп жатыр. Ұлтымызды ұлықтайтын осындай іс-шара жалғасын таба берсе екен, – деді белгілі әнші Кенжебек Жанәбілов.

Фестиваль қорытындысы бойынша ителгі сайысынан Ақ­моладан ат арытып келген Ерлан Кенжетаев жеңіске жет­се, қаршыға және бүркіт сайыс­тарында Алматыдан келген Өмірхан Баетбай бірінші орынды қанжығасына бөктерді.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Ұлан ауданы,

Бозанбай ауылы

Соңғы жаңалықтар

Алматыда 6 мың жұмыс орны құрылды

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Республика күні Әл-Фараби көзімен

Республика күні • Кеше