Аймақтар • Бүгін, 08:28

Қуаңшылық қысып, көтерем мал көбейді

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Түкістан облысында жауын-шашынның аздығынан жайылымдар мен шабындықтар ерте қурап, жем-шөп бағасы бір жылда тоннасына 35 мыңнан 60 мың теңгеге дейін өсті. Қысқа жеткілікті азық дайындай алмаған қожалықтар малын арзанға сатуға мәжбүр, ал ұсақ шаруалар қарызға шөп тасып отыр.

Қуаңшылық қысып, көтерем мал көбейді

Сурет: eldala.kz

Биыл жаңбыр жаумаған Созақ ауданында жайылым атаулы қара топыраққа айналып, мал өрістейтін жер қалмаған. Көтерем мал әлсіреп өле бастаған. Ауыл тұрғындарының қорадағы малы күн санап азайып барады. Абай ауылының тұрғыны Мұхамеджан Рыскелдиев жаздай жайылым болмай, 200-дей уақ малы, 20-дан аса сиыры, ондаған жылқысын қорада ұстағанын айтады. Далада көте­рем болып, орнынан тұра алмай өліп жатқан жылқы да аз емес. Қорада мал ұстауға да әркімнің шамасы жете бер­мейді. Абай ауылы тұрғындарының айтуынша, елді мекендегі шамамен 600-ге жуық жылқының 80 пайызы көтерем болуға жақын. Қазірдің өзінде әр отбасы кемі бір жылқысынан, кейбірі ондаған малынан айырылған. Жұрт жағдай былай жалғаса берсе, қорада мал қалмайтынын айтып алаңдаулы.

Жем-шөп бағасы да өткен жылмен салыстырғанда 2–3 есе қымбаттап кеткен. Былтыр килосы 76–80 теңге болған бидай қазір 150 теңгеден сатылып жатыр. Әр бума шөп мың жарым теңгеге жеткен. Бұл орайда жергілікті әкімдік Солтүстік Қазақстан және Қостанай облысының әкімдігімен келіссөз жүр­гізіп, сол жақтың шөбі мен бидайын арзандатылған бағада жеткізіп беруге келісіпті.

«Созақ ауданында сатылымда шөп те бар, бидай да бар, кебек те бар. Қым­бат. Сол қымбатшылыққа байланыс­ты егістік алқап басындағы бағамен жеткізіп беріңіздер деп тұр. Басындағы баға ол орылғаннан кейін шығады. Бірақ арзан болады. Бағасы бізден төмен болатынын біліп тұрмыз. Жобамен бізде 150–135 болса, ол жақта 70–80 болуы мүмкін», дейді Созақ ауданы әкімінің орынбасары Серік Маманов.

Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібе­ковтің айтуынша, облыс бойынша 288,6 мың гектар егіс алқабының 49,8 мың гектары жарамсыз күйге түсіп, жалпы көлемнің 14 пайызы өнімсіз қалды. Бәйдібек ауданында – 25,2 мың, Ордабасыда – 6,7 мың, Түлкібаста 5,2 мың гектар бүлінді. Төлеби, Сары­ағаш, Созақ аудандары мен Арыс қала­сында да жағдай күрделі. Бұл тек егін ша­руашылығы емес, ішкі нарық­тағы азық-түлік теңгеріміне ауыр салмақ түсіріп отыр.

«Шаруалар алдағы қыста «мал шы­ғыны бола ма?» деп қауіптенеді. Келесі егін маусымына арналған сапалы тұқым қорының жеткіліксіздігі де өңірдің шаруаларын алаңдатып отыр. Осыған байланысты төмендегі нақты шараларды қабылдауыңызды сұраймын:
1. Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруа­шылықтарға қар­жылай қолдау көрсету: субсидия бөлу, жеңілдетілген несие беру және қарыздық жүктемені азайту.
2. Жем-шөп қорын тұрақтандыру: басқа өңір­лерден тасымалдауды жеңілдету, шөп бағасын ұстап тұру үшін ұлттық деңгейде тұрақтандыру қорын құру.
3. Суармалы егіншілікті дамыту: шағын су қоймалары мен тоғандар салуды, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізуді республикалық деңгейде қаржылай қолдау. 4. Келесі егін маусымына сапалы тұқым қорын қалыптастыру, сондай-ақ шаруалардың несиелері мен лизингтік төлемдерін уақытша шегеру мүмкіндігін қарастыру керек. Жо­ғарыдағы жағдайларды ескере отырып, Үкімет деңгейінде ұзақмерзімді, кешенді бағдарлама әзірлеп, су ресурстарын басқаруды жетілдіруге, мал азығы қорын әртараптандыруға және ауыл шаруашылығы өндірісін климаттық өзгерістерге бейімдеуге басымдық беру қажет деп санаймын», деді Ұласбек Сәдібеков Премьер- министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған депутаттық сауалында.

Жайылымдағы жағдай, қуаңшылық осылайша өңір шаруаларын алаңдатып отыр. Ал егістіктерге су үнемдеу технологиясын енгізу жұмысы кеңінен қолданылып келеді. Өңірде алғаш рет су үнемдеу технологиясымен күріш егілді. Соның бірегейі Отырар ауданы, Қарға-лы ауылында жүзеге асырылып, тамшылатып суару әдісі арқылы күріш және мақта шаруашылығы қолға алынған. Отырар ауданында «Таймас-2024» ЖШС мақта және күріш алқабында тың жобаларды жүзеге асырып жатыр. Егін алқабына су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы күріш, мақта, пісте да­қылдары жерсіндіріледі. Жоба құны – 2 млрд теңге. Аталған жұмыс инвес­тор тарапынан қаржыландырылады. Кешен аумағы 5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 2 300 гектар жерге мақта, 500 гектарға күріш, қалған 200 гектар жерге пісте дақылдары егілген. Алқап жұмысына 45 ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Жоба қуаттылығына келсек, әр гектардан 50 центнер күріш алу көзделген. Мұнда 25 маусымдық жұмыс орны ашылған. Жаңа әдіс арқылы су бірнеше есе үнемделген.

Жалпы, биыл өңірде ауыл шаруа­шылығы алқаптарына су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, қазір 59 мың гектар жерге ендірілген. 2028 жылға дейін жыл сайы­н 27 мың гектарға енгізу жоспарланса, облыста мүмкіндігіне қарай су үнемдеу технологиясын жыл сайын 50 мың гектарға ендіру көзделіп отыр.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Алматыда 6 мың жұмыс орны құрылды

Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Республика күні Әл-Фараби көзімен

Республика күні • Кеше