
сурет: parlam.kz
Ол 2024 жылы Қазақстан бюджетінің кірістері 44 миллиард АҚШ долларынан асқанына тоқталды. Бұл Өзбекстанмен (26,4 млрд) салыстырғанда бір жарым еседен артық және Қырғызстанмен (4,4 млрд) салыстырғанда он есе көп.
Тағы бір айта кететін мәселе, еліміздің бюджеті әлеуметтік бағытқа бағдарланған. Яғни, халықты әлеуметтік қолдауға айрықша мән беріліп келеді. Атап айтқанда, шығыстардың 60%-ы әлеуметтік салаға бағытталады. Республикалық бюджеттің зейнетақы мен жәрдемақыны индекстеуге арналған шығыстары жыл сайын бір триллион теңгеге ұлғайып отырады. Ал біздің оңтүстіктегі көршілерімізде бұл көрсеткіштер, керісінше, азаюда.
«Жыл басынан бері халықаралық резервтер, яғни алтын-валюта қоры мен бағалы қағаздар көлемі 20%-ға өсіп, 52,2 миллиард АҚШ долларына жетті. Сонымен қатар Ұлттық қорда 64 миллиард доллар бар. Бұл – шамамен 63 триллион теңге, яғни елдің үш жылдық бюджетіне тең қаржы. Айта кетейік, Халықаралық валюта қорының мәліметінше, бүгінде әлемде 57 елде ғана ұлттық қор бар», деді Е.Бейсенбаев.
Фракция жетекшісі мемлекеттік қарыздың өсуін тежеу мақсатында жүргізіп отырған қатаң саясат та нәтижелі екеніне тоқталды.
«Өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік қарыз 74,3 миллиард долларды немесе ІЖӨ-нің 25,3%-ын құрады. Бұл көрсеткіш көршілерімізде әлдеқайда жоғары. Өзбекстанда 37%, Қырғызстанда 45,5%. Сондай-ақ бірқатар Шығыс Еуропа елдерінде де сыртқы қарыздың ІЖӨ-ге қатынасы Қазақстаннан жоғары. Мәселен, Словакияда – 95%, Хорватияда – 55%, Болгарияда – 44%, Румынияда – 39%», деді ол.
Сонымен қатар 2029 жылға қарай ІЖӨ көлемін екі есеге арттырып, 450 миллиард АҚШ долларына жеткізу көзделіп отыр.
Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, ІЖӨ өсім 6,3 пайызды құрады. Сарапшылардың пікірінше, жыл соңына дейін өсімді 6,5 пайыз деңгейіне жеткізуге барлық алғышарттар бар.
Халықаралық қаржы институттарының бағалауынша, Қазақстанда жан басына шаққандағы ІЖӨ шамамен 14 мың долларды құрайды.
Е.Бейсенбаев инфрақұрылымдық және транзиттік әлеует те қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Оның айтуынша, 2024 жылы құрылыс жұмыстары рекордтық 12 мың шақырым жолды қамтыды. Бұл республикалық жолдардың 93%-ын және жергілікті жолдардың 89%-ын нормативтік жағдайға жеткізуге мүмкіндік берді.
Бұдан бөлек жаңа Бюджет кодексіне бюджеттік жоспарлау мен әкімшілендірудің ашықтығы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған маңызды тетіктер енгізілгенін айтқан Е.Бейсенбаев: «Осының нәтижесінде Ұлттық қордан мақсатты трансферттерді пайдалану қатаң шектелді. Енді ол тек маңызды инфрақұрылымды қаржыландыру үшін жұмсалады. Бұл жетістіктер Президент бастамасымен жүзеге асқан экономиканы ырықтандыру және әртараптандыру реформаларының нәтижесі екені белгілі» деп түйіндеді сөзін.