
Екіжақты тиімді келісім
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, өңір басшысы бастаған батысқазақстандық топтың Қытайға сапары өте нәтижелі болды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес екі ел арасындағы кәсіпкерлік байланыс нығайып келеді. Көрші мемлекеттің инвесторлары энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау сынды бірқатар маңызды салаға жалпы құны 134 миллиард теңгеден астам қаржы салуға ниетті. Бұл бағытта екі жақты нақты келісім бар. Енді санаулы күннен кейін екі зауыттың құрылысы басталады. Оған қажетті құрал-жабдық тиелген контейнерлердің алғашқы легі Қытайдың Вэйфан қаласынан Ақжайыққа жөнелтілді. Зауытқа қажетті қондырғылардың алғашқы партиясын тиеу рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Н.Төреғалиев бастаған делегация арнайы қатысты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездескенде «Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Ортақ ірі жобаларымыз жүзеге асырылып жатыр», деген болатын. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысында өндірілген өнімдерді Қытай нарығына шығару да негізгі мақсатымыздың бірі. Мемлекет басшысы атап өткендей, біз шикізатқа тәуелді болмай, өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын, өндірісті дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Бұл жобалар өңір экономикасының дамуына елеулі серпін береді», деді Н.Төреғалиев.
Жоспарға сәйкес арнайы индустриялық аймақта алдымен қуаты 34 мегаватт болатын газ электр стансасы салынады. Жоба кейінгі өндіріс орындарын тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар мұнай катализаторларын қайта өңдеу зауытының құрылысы басталады.
Облыста жоспарланған 14 жобаның бәрін бір консорциум атқарады. Құрамындағы бірнеше компания энергетика саласын ғана емес, агротехника, мұнай, құрылыс, денсаулық сақтау салаларын да инвестициялайды. Батысқазақстандық жұмысшы топ Шандун провинциясындағы кешенді аралап, тың технологиямен танысты.
Қытайлық «VEGA Power» компаниясының бас директоры Гэ Цзянь Ақжайықтағы жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын, алғашқы кезеңде 30 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынатынын атап өтті. Жоба толық жүзеге асқанда 10-нан астам өнім түрі шығарылады.
Облыс әкімінің айтуынша, инвесторлар өңірде тіркеліп, салық түсімі жергілікті бюджетке бағытталуға тиіс. Жергілікті кадрлар жұмысқа орналастырылады, болашақ мамандарды оқыту инвестор қаражаты есебінен жүргізіледі.
Бұдан бөлек, облыс медицина саласында да Қытаймен байланысты нығайтады. Оралдық делегация «iKang Guobin Checkup Center» емханасына барып, Қытайдың денсаулық сақтау жүйесіндегі заманауи әдістермен, медициналық қызмет көрсетудің инновациялық үлгілерімен танысты.
Айта кетейік, кездесулер еліміздің ҚХР-дағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы тікелей шетелдік инвестициялар көлемі жөнінен республикада 3-орында тұр.
Серіктестік көпірі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет. Ірі инвесторлармен қатар, орта және шағын инвесторлармен де тығыз байланыста жұмыс істеу керек», деген болатын. Қытайдың Нанкин қаласында Батыс Қазақстан облысының «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының инвестиция және сауда өкілдігі ресми түрде ашылды. Оған облыс әкімі Нариман Төреғалиев бастаған ресми делегация қатысты.
Елімізде өңірлік деңгейде ашылған алғашқы шетелдік инвестициялық өкілдік Орталық Азия-Қытай ынтымақтастық орталығы ғимаратында орналасқан. Жаңа құрылым Ақжайық өңірі мен Қытай кәсіпкерлері арасында тікелей іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
«Бұл – екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеретін стратегиялық бастама. Инвесторлар Батыс Қазақстан облысы туралы қажетті ақпаратты осы жерден тауып, болашақ жобаларды жүзеге асыру мерзімі айтарлықтай қысқарады деп сенемін», дейді қытайлық «SOHO» компаниясының бизнес жөніндегі хатшысының орынбасары Ву Цюнь Юй.
Кеңсе ресми ашылған соң Н.Төреғалиев бірқатар қытайлық компания өкілімен кездесті. Жиында Ақжайық өңірінің инвестициялық әлеуеті таныстырылып, нақты жобаларға қатысты келіссөздер өтті. Нәтижесінде, қытайлық тарап екі ірі өндіріс орнын салуға қызығушылық танытты. Оның бірі – тұрмыстық қалдықты қайта өңдеу зауыты болса, екіншісі – киік мүйізінен дәрілік өнімдер шығаратын кәсіпорын.
«Батыс Қазақстан облысы мен Цзянсу провинциясының арасындағы серіктестік өзара сенім мен нақты іскерлік байланысқа негізделіп отыр. Біз барлық қажетті қолдауды көрсетуге дайынбыз. Туындайтын кез келген мәселе жеке бақылауымда болады», деді Н.Төреғалиев.
Қытайлық инвесторлар БҚО ұсынған жобаларға ерекше қызығып отыр. Олар киіктің етін терең өңдеп, мүйізінен дәрі-дәрмек, етінен тағам, терісінен киім өндірісін жолға қоюға ниетті. Сонымен қатар тұрмыстық қалдықты өңдеу арқылы қайта пайдалануға жарамды өнімдер шығару да жоспарда бар.
«SOHO» холдингінің вице-президенті Дин Хайдың айтуынша, алдағы уақытта екі жұмыс тобы Батыс Қазақстанға келіп, жобалардың жүзеге асырылу мүмкіндігін зерделейді. «Бір топ киік етін өңдеу саласын, екінші топ тұрмыстық қалдықты сұрыптау, өңдеу бағытын зерттейді. Бұл іске ғылыми зерттеу институттарының мамандарын да тартамыз. Зауыттың көлемі мен қуаты жергілікті шикізат қоры мен өндірістік әлеуетке байланысты анықталады», деді ол.
Сапар аясында Қазақстан делегациясы «ChinaGaz» компаниясына барып, энергетикалық кәсіпорынның заманауи технологиясымен танысты. Қытайлық тарап Орал қаласында жаңа жылу электр магистралін салу жөніндегі өз ұсынысын білдірді.
Батыс қақпаның екінші тынысы
Сапар барысында батысқазақстандық делегация мүшелері Қытайдың Бейжің, Нанкин қалаларында болып, әлемдік деңгейдегі алпауыт компаниялармен келіссөз жүргізді. Қол қойылған меморандумдар аясында өндіріс, сауда, жасыл энергетика, медицина, білім, логистика салаларында бірлескен жобалар жүзеге асады. Бұл жердегі басты бағыт – облыс аумағында өңдеу кәсіпорындарын дамыту.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әсіресе өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуға баса назар аударып келеміз. Қытайлық әріптестермен осы жобалардың іске асуын жеделдету бағытында нақты мәселелерді талқыладық», дейді Н.Төреғалиев.
Жоғарыда Орал қаласында жаңа жылу электр стансасы салынатынын айттық. Бұл жобаны Қытай тарапы толықтай өз қаражатына жүзеге асыруға ниетті. Қазірде зерделеу жұмыстары басталып та кетті.
Жалпы, екі ел арасындағы іскерлік байланысты дамыту кезінде ерекше ескеретін бір жайт – іске жергілікті жұмыс күшін тарту мен кадр даярлау мәселесі. Өңір басшысы бұл мәселеге баса назар аударып отыр. Қытайлық инвесторлар өндіріс орындарына заманауи технологияны меңгерген жергілікті мамандар қажет екенін айтады. Осыған орай тараптар бірлескен қазақ-қытай білім беру бағдарламасын іске асыруға уағдаласты. Қазақ жастарын оқытуға қажетті қаражат инвесторлар тарапынан бөлінеді.
Келіссөздер кезінде облыс аумағында құны 17 млрд теңгеге бағаланатын логистикалық хаб салу ұсынысы қаралды. Жоба транзиттік жүк тасымалын қамтамасыз етуге, көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар Бейжің қаласында Батыс Қазақстан облысы «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының екінші инвестициялық және сауда өкілдігі ашылды. Өкілдік аймақ пен Қытай арасындағы бизнес-байланыстарды нығайтып, тікелей серіктестікке жол салады.
Бейжіңдегі келіссөздер барысында құрамында 22 холдингтік, 7 еншілес компаниясы бар, жылдық табысы 4,5 миллиард юаньнан асатын «Beijing Jinyi Yuanfang» холдингімен де стратегиялық әріптестік орнатылды. Холдинг облысқа бірқатар салаға – өндірістен бастап, медицина, білімге дейін инвестиция құюға дайын екенін мәлімдеді.
Батыс Қазақстан облысының Қытаймен орнатқан жаңа келісімдері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Бұл – тек құжат жүзіндегі жоспарлар емес, нақты инвестиция тартуға, жұмыс орындарын ашуға, заманауи өндіріс орындарын іске қосуға бағытталған қарышты қадам. Ендігі жерде жобалардың тиімді әрі уақтылы орындалуы – басты міндет.
Батыс Қазақстан облысы – еліміздің Еуропа бөлігінде орналасқан, «батыс қақпа» саналатын ерекше өңір. Қытайлық инвесторлармен жасалған соңғы келісімдердің нәтижесінде Ақжайық өлкесінің екінші тынысы ашылып, ел дамуына ерекше серпін береді.
Батыс Қазақстан облысы