Маман • Бүгін, 09:50

Мамандығын мақтан етеді

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адам жанына араша болып, қауіп-қатердің ортасында жүру — екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс, ол үлкен жан­кеш­тілікті талап етеді. Сондай мамандықтардың бірі — құтқарушы. Қиын, бірақ күнделікті тұр­мыста қажетті мамандықты таңдаған жас – Ақтілеу Иманәлі. Ақтаулық жас жігіт Көкшетау қаласындағы Азамат­тық қорғаныс жоғары көпсалалы колледжінде «төтен­ше жағдайлардан қорғау» мамандығы бойынша білім алып жүр.

Мамандығын мақтан етеді

Ақтілеудің мамандық таңдау жолындағы маңызды арма­ны­ның орындалуына «Жарқын Болашақ» бағ­дар­ла­ма­сы себепші болды, жалпы бұл бағдарлама арқылы жа­уапты маман­дық­тарды меңгеруге мүмкіндік алған маңғыс­таулық жастар аз емес. Олар бүгінде еліміздің әр түкпіріндегі түрлі колледжде әртүрлі мамандық бойынша оқып жүр. 

– Төтенше жағдайлардан қорғау саласында жұмыс істеу­ді бала күнімнен арман­дайтын­мын, әрдайым адам­дарға көмек­тес­кім келетін. Бір адамның өмірін сақтап қалсам үлкен жетістік сол болар еді деп ойлайтын едім. Бұған бала кезімде көрген мульт­­­фильмдер мен фильм­дер де әсер еткен болар, бәрінде де жақсылық жасау идеясы болатын еді ғой. Мен де сондай болғым келді. Оқуға құжат тапсыруға дайындалып жүрген кезде Каспий теңізіне демалуға барған едік. Суға батып бара жатқан бір баланы жағаға шыға­рып үлгергенім есімде. Сол баланың алғысы маған ерекше әсер етті. Адам өмірін сақтап қалуға көмек­тескенімді сезініп, осы маман­дыққа түсемін деген сенімім беки түсті, – дейді 16 жастағы студент А.Иманәлі.

Ақтілеу оқуға түскелі бұл саланың маңызы мен бағыт­та­рын терең түсіне бас­та­ған. Оның айтуын­ша, қауіп-қатерге дайын болу үшін фи­зи­калық дайындық қана емес, адам­гершілік, жанкештілік сияқ­ты қасиеттер өте маңызды. «Төтен­ше жағдайлардан қорғау саласына табиғи апаттармен күресу, алдын алу, эвакуациялау, құтқару сияқты бағыттар кіреді. Жер сілкінісі, цунами, дауыл — осының бәрі біздің жұмысымызбен байланысты. Мұндай сәттерде адамдар кім­нен көмек сұрау керегін білмей жатады. Сондай кезде қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз. Бұл — азаматтық борышымыз. Сондықтан бұл мамандық батылдықты талап етеді, ішкі мәдениеті мен тәртібі де мықты болуы керек», дейді ол нық сеніммен.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­па­­ниясы­ның және «Samruk-Kazyna Trust» қоры­ның қол­­дауымен жүзеге асқан «Жарқын Болашақ» бағдарла­масы арқылы білім алып жүрген бозбала – биыл екінші курс студенті.  Колледждегі пәндердің ішінен Ақті­леуге графика сабағы ерек­ше ұнай­ды. Болашақ маман ре­тін­де оған бұл пән өте маңызды.

– Алғашында бұл пән қиын сияқты көрінді. Кейін сызба­лардың төтенше жағдай мамандарына қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Солар арқылы қай жерде эвакуациялық есік бар екенін, ғимаратқа қалай кіруге болатынын, қай жерде не орналасқанын біліп, түсіне аламыз. Сондықтан осы сабаққа ерекше ынтамен қатыс­тым.  Мамандығымызға сай, бәріміз қатаң тәртіппен жүреміз. Форма киюдің өзі үлкен жауапкершілікті қалып­­тас­тырады. Формадағы адам өзін мәдениетті, сабырлы ұстауы керек, дейді Ақтілеу Иманәлі.

Алдағы оқу жылдарында ол прак­тикалық пәндерді мең­­­геретін болады. Келешекте сту­дент алған білімі бойын­ша әртүрлі өңірде қызмет етіп көргісі келеді. А.Иманәлінің сөзінше, қайда тұратының емес, кімге көмектесе алатының маңызды. Кез келген жерде көмекке мұқ­таж жандар бар.

Төтенше жағдайлар саласы — қауіп-қатері мен жауап­­­кершілігі қатар жүре­­­­тін ма­ман­дық. Сон­дықтан Ақтілеудің бұл таң­дауын қабылдау отба­сы үшін алға­шында оңай бол­мағанын айтады. 

– Отбасым алғашында қо­рық­­ты. Әсіресе әжем. Бірақ бала күнгі арманым екенін түсіндіріп, осы мамандықта оқығым келетінін айтқан соң, батасын берді. «Жұмыстың оңайы жоқ, тек өзіңе сен» деп ақ жол тілеп, шығарып салды. Бо­лашаққа жоспарым — осы оқу орнын үз­дік аяқтап, мықты маман атану. Кейін жоғары білім алып, осы салада жұ­мыс істегім келеді. Әсіресе құрлықтағы төтен­ше жағдайлармен жұмыс істеуге қызы­ғамын. Себебі сол жерде адамдарға кө­мек­тесу мүмкіндігі көбірек, деген А.Има­н­әлі отба­сының сенімін ақтап, кәсі­би құтқарушы болып қалыптасқысы келеді.

 

Маңғыстау облысы