Қоғам • Бүгін, 10:23

Дәрігер тапшылығы азайып келеді

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Медициналық кадрларды дайындау-қолдау басым бағыттардың бірі. Биыл еліміздегі медициналық ЖОО 10,5 мың маман тәмамдаған, олардың 34%-ы ауылдардағы медициналық ұйымдарға бөлінді, бұл көрсеткіш – былтырғыдан екі есе жоғары екен, деп жазады Egemen.kz.

Дәрігер тапшылығы азайып келеді

Фото: saryarka-samaly.kz

Өңірлердегі қажеттіліктер ескеріліп, биыл 5 мыңнан астам білім гранты бөлінді. 2024 жылдың қазан айынан бері 16 тапшы мамандық бойынша ауылдарда жұмыс істеп жүрген 254 дәрігер 8,5 млн теңге көлемінде бір реттік төлем алған. 2025 жылы тағы 105 маманға осындай қолдау көрсетілді.

Дәрігер тапшылығы 19%-ға, орта санатты медицина қызметкерлері тапшылығы 13%-ға азайды. Ауылдық жерлердегі кадр тапшылығы 17%-ға төмендеді.

1 қыркүйектен бастап алты негізгі бағыт бойынша (оның ішінде терапия, педиатрия және хирургия) интернатурада, сондай-ақ педиатрия бағытындағы 14 мамандық бойынша резидентурада оқыту басталды.

Қарағанды медициналық университеті мен Қазан федералдық университеті арасында алғаш рет екі диплом бағдарламасы іске қосылып, 70 студент оқуға қабылданды. Сондай-ақ Пәкістан медициналық университетінің филиалын ашу мәселесі пысықталып жатыр.

Үкіметтің Telegram арнасының мәліметінше медициналық қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында денсаулық сақтау қызметкерлеріне қол көтеру оқиғаларына қатысты Қылмыстық кодекске жеке бап енгізу бастамасы көтерілді. Ішкі істер министрлігімен бірлесіп іс-қимыл жоспары әзірленді: медициналық ұйымдарда 152 полиция бекеті орнатылды. Сондай-ақ мемлекеттік медициналық ұйымдардың 98%-ы және жекеменшік ұйымдардың 76%-ы жалпы сомасы 3,1 млрд теңгеге кәсіби жауапкершілікті сақтандыру шарттарын жасасты.