Кино • Кеше

Патриотизм үлгісі

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Астана қаласындағы «Kinopark 7 IMAX Keruen» кинотеатрында Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы бірлесіп түсірген «Капитан Байтасов» атты көркем фильмнің тұсаукесері өтті.

Патриотизм үлгісі

Республика күні қарсаңында өткен фильмнің тұсаукесеріне Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Парламент депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, актерлер мен туындының шығармашылық тобы, сондай-ақ батырдың отбасы – жұбайы Гүлжамал Тажиева мен ұлы Арманжан қатысты.

Киноның көрсетілімі алдында Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл құқық қорғау орган­­­­­­да­рының кеңейтілген алқа мәжі­лі­сін­де ержүрек сақшылардың ерлігі ха­лық­қа жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі ретінде жұртымыздың жадында сақталуға тиіс екенін айтты. Осы тұрғыдан келгенде, қалың көрерменге жол тартқан жаңа фильмді бұл бағыттағы іргелі істердің жарқын көрінісі деп қабылдаймыз. Ғазиз Байтасов – қысқа ғұмырында қылмысқа қарсы күресті қастерлі парыз санап, Отанға адал қыз­мет етудің озық үлгісін көрсетті», делін­ген құттықтау хатта.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тұсаукесерде еліміз үшін ең маңызды мереке аясында осындай игі шара өтуінің өзіндік символдық мәні бар екеніне тоқталып, барша халқымыз үшін егемендігіміз бен тәуелсіздігімізден асқан құндылық жоқ екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ тәуелсіздігімізді нығайту, елдігімізді сақтау бәрімізге ортақ қастерлі парыз екеніне тоқталды.

ро

«Мемлекетіміздің дамуы – ел азамат­та­рының жігерлі еңбегінің, адалдығы мен отансүйгіштігінің жемісі деп білеміз. Осы тұрғыда ел қауіпсіздігін қам­тамасыз етіп, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын сақтап жүрген құқық қорғау саласы өкілдерінің қызметі айрықша құрметке лайық. Олар еліміздің тұрақтылығы мен тыныштығы жолында жауапты міндеттерді абыроймен атқарып келеді», деді сөзінде.

Сондай-ақ министр мұндай жобаларды қолдау – ұлттық киноны дамыту ғана емес, сонымен бірге жас ұрпақтың бойына ерлік, әділдік, адалдық сияқты құндылықтарды дарытудың маңызды құралы екенін атап өтті.

«Капитан Байтасовтың жанқиярлық қызметі – нағыз патриотизмнің үлгісі. Фильм тек ерлік туралы емес, ар-намыс пен борыш алдындағы адалдық жайында да терең ойға жетелейді. Мемлекетіміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі – елдегі әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.

Президентіміз атап өткен «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» қағидаттары осы фильмде көрініс тапқан ерлік пен елге адалдық сынды құндылықтармен үндесіп жатыр. Өйткені мемлекеттің қуаты – заң мен тәртіпте, ал ұлттың беріктігі – азаматтарымыздың адалдығы мен жауапкершілігінде екені сөзсіз», деді министр.

Аида Балаева фильмді түсіруге атсалыс­қан барлық шығармашылық ұжымға, атап айтқанда фильм режис­сері әрі сценарий авторы Даурен Қамшыбаевқа, және басты рөлдерді сомдаған Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Дархан Сүлейменов, Қобыланды Болат және Самал Еслямоваға зор ризашылығын білдірді.

«Біз осындай туындылар арқылы өтке­німізді ұмытпай, болашағымызға сенім­мен қараймыз. Бұл фильм әрқай­­сы­мызға ой салып, ұлтжандылық пен азаматтық жауапкершіліктің маңызын ұғынуға шақырады. Туынды әр жүрекке үміт пен жігер сыйлап, жас ұрпаққа шабыт береді деп сенемін! », деп түйіндеді сөзін.

«Капитан Байтасов» фильмінің сюжеті 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қала­сында болған шынайы оқиға­ға негіз­делген. Сол күні полиция капитаны Ғазиз Байтасов өз өмірін қиып, тер­рористі тоқтатып, бейбіт тұрғын­дардың өмірін сақтап қалған еді. Поли­цей­дің бұл ерлігі батырлықтың, патриотизм мен адалдықтың символына айналды. Аталған туындыны көрермендер 23 қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрында көре алады.