Мәдениет • Кеше

«Astana Aqshamy» және «Вечерняя Астана» газеттері мерейтойын атап өтті

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бейбітшілік және келісім сарайында «Elorda aqparat» медиахолдингінің құрамындағы «Astana Aqshamy» және «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдық мерейтойына арналған «Елорда шежіресі» атты салтанатты концерт өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Astana Aqshamy» және «Вечерняя Астана» газеттері мерейтойын атап өтті

Концертті газеттерде әр жылдары басшылық еткен редакторлар, қаламгерлер, басылымның тұрақты авторлары, зиялы қауым өкілдері, оқырман қауым мен қала тұрғындары тамашалады. Өнер жұлдыздарының концерті басталмас бұрын Президент әкімшілігі Мемлекеттік кеңесшісі хатшылығының консультанты Қалқаман Сарин сөз алып, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатын оқып берді.

«Құрметті «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттерінің ұжымы! Сіздерді қос басылымның 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Өткен 35жыл – Тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс келген Астананың қалыптасуы мен өсіп-өркендеуінің айнасына айналған кезең. Осы жылдар ішінде газеттердің әр санында елорданың тыныс-тіршілігі, қоғам өміріндегі маңызды оқиғалар мен елдік істер кеңінен қамтылып келеді. «Астана ақшамы» газетінде жарияланған ел тарихындағы тағдырлы шешімдердің жаңғырығы Тәуелсіздік жылнамасындағы айшықты оқиғалар ойлы оқырманның жүрегіне жол тауып, ыстық ықыласына бөленді. Ал «Вечерняя Астана» газеті өз оқырманын сапалы әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз етіп, қала өмірінің өзекті мәселелерін көтеріп, мазмұнды да беделді басылымға айналды», - делінген ҚР Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің құттықтау хатында.

6Сонымен қатар ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес Президент көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың құттықтау хатын оқыды.

«Құрметті «Elorda aqparat» ұжымы! Сіздерді «Астана ақшамы», «Вечерняя Астана» газеттерінің 35 жылдығымен құттықтаймын. Басылымдар елордамыздың тыныс-тіршілігін, қаланың өсіп-өркендеу кезеңдерін газет беттерінде кеңінен дәріптеп келеді. Қос газетте жарық көрген көптеген мақала Астана тұрғындарының мұң-мұқтажына назар аударып, түйткілді мәселелердің шешілуіне оң ықпал етті. Басылымдардың оқырманы әрдайым көп болуына тілектеспін», - делінген Президент көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың құттықтау хатында.

«Elorda aqparat» медиахолдингінің бір топ қызметкері марапатқа ие болды. Басылымдардың ұжымын 35 жылдық мерейтойымен құттықтап, марапатты табыстаған ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова министрдің құттықтау хатын оқып берді.

Өз кезегінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен Астана үшін, елорда тұрғындары үшін бүгінгі мерейтойдың орны ерекше екенін атап өтіп, елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау хатын оқып берді.

Кеш барысында «Тәрбие» сән үйі шапандар шеруі этно сән көрсетілімін ұйымдастырды.

Концертте Қайрат Баекенов, Құрмаш Махан, Өзгеріс Шерікбай, Маржан Арапбаева, Айгүл Қосан, Гүлсім Мырзабек, Рухия Байдүкенова сынды өнер майталмандары, сонымен қатар «Қорқыт» этно фольклорлық ансамблі, «Жастар театрының» артистері, «Айналайын» балалар хоры өнер көрсетті.

Айта кетсек, 1990 жылы 13 қазан күні тұңғыш саны жарыққа шыққан аймақтағы алғашқы қазақ тілді басылымдардың бірі «Ақмола ақиқаты» 1998 жылы «Ақмола ақшамы», кейіннен республикалық қоғамдық саяси мәртебесі бар «Астана ақшамы» атанды.

2002 жылы «Астана ақшамы» газеті Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығының лауреаты атанса,  2018 жылы ҚР Президентінің Алғыс хаты және «Нұр-Сұңқар» сыйлығымен марапатталған.