Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Белгілі қоғам қайраткерлері, жазушының туыстары, әдебиеттанушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиынды «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы ашып: «Шерхан Мұртаза – тәуелсіздіктің бастауында тұрған тұлғаларымыздың бірегейі. Ол кісі 90-жылдардағы егемендіктің қалыптасу, даму кезеңінде мемлекетіміз үшін қыруар еңбек етті. Біз бүгін «Egemen Qazaqstan» газетінде сақталған Шерағаның алты мың бетке жуық мол мұрасын Ұлттық архивке тапсырмақпыз. Осы бастама арқылы ұлт үшін тер төккен тұлғаға құрмет көрсетіп, аға буын мен бүгінгі ұрпақ арасындағы сабақтастықты жалғастырғымыз келеді», деді.
Дихан Қамзабекұлы бүгінгі жаңарған, тәуелсіз еліміздің гүлденуіне ерен еңбек сіңірген Шерхан Мұртаза сынды тұлғалардың еңбегін атай келіп, алғаш тәуелсіздік алған кездегі қиындықтарға қарамай, елдің сенім үдесінен шыққан ұлт қайраткерлеріне құрмет көрсету баршаға ортақ парыз екеніне тоқталды. Сондай-ақ «Egemen Qazaqstan» газеті жанынан ұлттық басылымдар музейін жасау идеясы болғанын, осы мақсатта Шерхан Мұртазаның әйгілі «Қызыл жебе» романының түпнұсқасы, Тұрар Рысқұлов туралы жиған деректері, кеңестік биліктің озбырлығын сынайтын «Бесеудің хаты» атты екі бөлімді драмасы мен басқа да бірнеше шығармасының қолжазбалары газет редакциясында сақталып келгенін айтты.
«Жалпы, әр құнды деректің кейінгі ұрпаққа бүлінбей жетуі – басты мақсат. Біз зиялы қауым өкілдерімен, Шерағаңның туыстарымен ақылдаса келіп қолымыздағы құнды материалдардың бәрін Ұлттық архивке өткізуді дұрыс деп таптық. Себебі, көне қолжазбалар арнайы орында сақталғаны дұрыс. Қазір, архив тілімен айтқанда, біз өткізген қағаздар «емделіп» жатыр. Архив қызметкерлері бірқатар «емделген қағаздарды» көрмеге қойғанын байқап отырсыздар. Құдай қаласа, келер жылғы Ұлттық баспасөз күнінде алты мың беттік мұраның бәрі қалпына келтіріліп, осында бірлескен салтанатты жиын өткіземіз», деді Дихан Қамзабекұлы.

Мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов 1985 жылдардан бастап кеңес одағының көбесі сөгіліп ыдырай бастағанын, сол кездегі Қазақстанның саяси ахуалы қандай болғанын тілге тиек етіп, «Егемендік декларациясы» жарияланған сәулелі сәтті еске алды. «Балтық жағалауларындағы республикалар кеңес одағы құрамынан шығатынын мәлімдеп, Кавказ елдері олардың бастамасын іліп әкетті. Сол кездегі Қазақстанның саяси жағдайын одақтас 15 республиканың ешбірімен салыстыруға келмейтіндей күрделі болды. Саяси, қоғамдық, тұрмыстық жағдайымыз түгелдей орталыққа, тікелей Мәскеуге тәуелді еді. Ұлттық құрамымыз бен түрлі диаспораларды айтпағанның өзінде, Қазақстандағы бүкіл өнеркәсіптің 93 пайызы Мәскеуге бағынышты болатын. Сондай жағдайда егемендікті жариялауымызға күш-жігерін аямаған Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртаза сынды қайраткерлердің ерен еңбегін ұмытпау керек», деді Қуаныш Сұлтанов.
Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі жазушының құнды мұрасының «Egemen Qazaqstan» газетіне қалай келгені туралы қысқаша баяндап берді.
«Бүгін шынында да ерекше күн. Еліміздің ұлық мейрамы Егемендік декларациясы қабылданған Республика күні мен Шерағаңның мұрасын архивке өткізу іс-шарасы бір күнге сәтті орайластырылып, қос мерекеге куә болып отырмыз. 1990 жылдың маусым айында «егемен» сөзін қолданысқа енгізген Шерағаң болатын. «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығы қарсаңында сол құнды құжатты, яғни Орталық комитетте талқыланған жиынның стенограммасын Президенттік архивтен тапқызып, жариялаған едік. Яғни «егемен» сөзі авторының мұрасы дәл Республика күнінде архивке өткізілуін Тәңірдің сыйы деп білемін», дей келіп: «Egemen Qazaqstan» газетінің басшылығына келе салып, ертесі күні Алматыға арнайы барып, «Самал» шағын ауданындағы үйінде Шерағамен кездестім. Сырқаты меңдеп жатқан кезі. Әбіш Кекілбаевтың қазасынан кейін қатты күйзеліп отыр екен. 3–4 сағаттық кездесуде ағаға ұлттық басылым музейін жасақтау идеясын айтып, сол музейге өткізуге болатын қолжазбаларын сұрадым. Алматыдағы үйден қолымызға ешқандай жәдігер іліне қойған жоқ.
Сосын Шерағаңның мұрасын іздестіріп, Жуалыдағы үйінен бүгінгі құнды қолжазбалары табылды. Марқұм Несіпбек Дәутайұлы, Оралхан Дәуіт, Хамит Есаман сынды азаматтар табылған мұрасын реттеп, Астанаға жеткізіп берді. Біз музейге деп Әбіш аға бастаған біраз қаламгердің қолданған заттарын жинап қойған едік. Осылай сол жәдігерлерге Шерхан Мұртазаның мол мұрасы қосылды. «Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдығында Ұлттық музейде көрме ұйымдастырып, бұл жәдігерлерді елге де таныстырдық.
Ұлттық баспасөз музейі халық үшін қажет дегенімізбен, оны ашу оңай емес. Арнайы ғимаратты табу мүмкін болмады. Ол күн жеткенше, қолдағы құнды жәдігерлерді бүлдіріп алуымыз да мүмкін. Сондықтан «Қазақ газеттері» серіктестігінің басшысы Дихан Қамзабекұлының бүгінгі бастамасына ризашылық білдіреміз», деді Дархан Қуандықұлы.
Мемлекет және қоғам қайраткері, «Egemen Qazaqstan» газетін ең ұзақ басқарған қабырғалы қаламгер Сауытбек Абдрахманов Шерхан Мұртазаның журналистика саласына сіңірген еңбектеріне талдау жасай келіп: «Егемендікті жақындатқан, тәуелсіздікті нығайтуға үлес қосқан кімдер еді?» дегенде, біздің тілімізге алғашқылардың қатарында Шерхан Мұртазаның есімі оралады. Шерағаң газеттің атын «Егеменді» деп өзгертуден бастап, сол жылдардағы барлық келелі істердің басы-қасында жүрді. Ол кісінің «Социалистік Қазақстан» газетіне басшы болып келуіне септігім тигеніне тәуба айтамын. 1986 жылдағы оқиғалардан кейін елімізде түрлі кадрлық өзгерістер болды. Десе де, бас газетімізге келген кадрлар жұмысты дөңгелетіп әкете алмады. Мен ол кезде Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің баспасөз секторында істейтінмін. Газетке үлкен бір серпіліс қажет екенін бөлім деңгейінде көтеріп, Шерағаңның «Жұлдыз» журналының таралымын 200 мыңнан асырғанын, Одақтық «Новый мирден» кейінгі таралымы ең көп басылым жасағанын алға тарта отырып, кандидатурасын ұсындық», деді.
Сауытбек Абдрахманов кейіннен Шерхан Мұртазаның «Қазақстан» телеарнасына басшы болу тарихын баяндап, ол кісінің телеарнаны қазақыландыру, бағдарламалардың сапасын арттыру, қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жасап, үй әперу секілді еңбектерін тізіп, кейін Парламенттегі белсенділігін баян етті.
Ал «Egemen Qazaqstan» газетінің бұрынғы басшысы Уәлихан Қалижан Шерағаңды зейнеткерлікке шыққаннан кейін өзіне кеңесші етіп қызметке шақырған сәтін, сол тұста Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов екеуінің бас басылым бетінде жазысқан хаттары туралы тарихтан сыр шертті. «Ағамыз «айтқанымды қысқартпасаң, жазғанымды түзетпесең кеңесші боламын» деп уәдемді алғаннан кейін «Egemen Qazaqstan» газетінің бетінде үздіксіз елдік мәселелерді көтерді. Осылай басылымның абыройын көтерді», деді Уәлихан Қалижан.
Сондай-ақ белгілі қоғам қайраткері, тіл күрескері Оразкүл Асанғазы мен жазушының Алматыдан арнайы келген туысы, Қазақстанның еңбегі сіңген сәулетшісі, көптеген ескерткіш пен қала, облыстар таңбаларының авторы Салауат Дембаев Шерхан Мұртазаның адами қасиеттерін әңгімеледі.
Бұдан кейін «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры Дихан Қамзабекұлы мен Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова қолжазба жәдігерлерді тапсырып-қабылдап алу құжатына қол қойды.
Ұлттық архив директоры Сағила Нұрланова жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты бұрын еш жерде жарияланбаған сирек фотосуреттері, жеке хаттары, жазба дәптерлері мен басқа да тарихи-мәдени маңызы зор құжаттарының тапсырылғанына ризашылығын білдірді. «Ұлттық архив қоры қазақ әдебиетінің алыбы, ұлтының ар-намысын биік ұстаған тұлға Шерағаңның, Шерхан Мұртазаның мұраларымен толығып жатыр. Архив – құжаттарды ғана емес, ұлы тұлғалардың тағдырын сақтайтын киелі орын. Бүгін Шерхан Мұртазаның көзін көрген ағаларымызбен жүздесіп, естеліктерін тыңдап, көңіліміз босап отыр. «Egemen Qazaqstan» газетінің ұжымы әдебиетіміз бен тарихымызға аса маңызды жәдігерлерді болашақ ұрпаққа аманаттап, рухани құндылықтарды сақтауға зор үлес қосып отыр», деп түйіндеді ойын.
«Тәуелсіздік біреу. Ол біз сияқты, қазақ сияқты халыққа жүздеген жылдардан кейін ғана келіп жеткен Алланың ақ нұры. Оған адал ниетті адамдар бәріміз тіреу болсақ қана заман түзелер. Тәуелсіздіктің жолы қатты, дәмі тәтті. Қиыншылық жолын қиялап өтіп, жайдарман жерге де жетерміз. Әйтеуір бір Құдірет әдейі қиян-кескі қиыншылық кездестіретін көрінеді ғой. Баяғы Аюп пайғамбарды сынағаны сияқты. Ақыры Аюп барлық сынға шыдап, Құдайдың мейіріне бөленген дейді. Біз не көрсек те Көк Туымыз қолымыздан түспесе екен» деп тілеу тілеген еліміздің дара тұлғасы Шерхан Мұртазаның мұрасын тарихшылар мен мұрағатшылар індете зерттеуге мүмкіндік туды. Республика күні қарсаңындағы іс-шара бізге осыны аңғартты.