Саясат • Бүгін, 08:40

Финляндиямен экономикалық байланысымыз кеңейеді

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов елімізге ресми сапармен келген Финляндия Президенті Александр Стуббпен кездесті.

Финляндиямен экономикалық байланысымыз кеңейеді

Кездесуде сауда мен инвестициялық ынты­мақ­тастыққа баса назар ауда­рылды. Сонымен қатар өнеркә­сіп, энергетика, цифрлық даму, көлік пен логистика, су ресурстары, қаржы, агро­өнеркәсіп салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Олжас Бектенов Үкімет екі ел арасындағы барлық келісімнің орындалуын бақылауда ұстайтынын айтты. Финляндия еліміз үшін Еуропалық одақтағы маңызды серіктес екені атап өтілді.

Келіссөздер барысында сауда көлемін ұлғайту, оның құрылымын әртараптандыру мен экономиканың негізгі салаларына жаңа технологиялар енгізу бағытында үлкен мүмкіндік бар екені айтылды. Тараптар елімізде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселесін талқылады. Әңгіме көлік саласына арналған логис­тикалық орталықтар мен экс­портқа бағытталған өндірістік алаңдар салу туралы өрбіді.

Цифрлық трансформация саласындағы ынтымақтастық та басты назарда болды. Еліміз суперкомпьютерді іске қосқанын айтып, Еуропадағы ең қуатты есептеу жүйелерінің бірі LUMI-мен жұмыс істейтін Финляндиямен тәжірибе ал­масуға дайын екенін мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақ­стан Финляндиямен ынты­мақтастықтың жаңа бағытта­рын дамытуға дайын. Біз экономиканың басым секторларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Үкімет елімізге келген инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетеді», деді О.Бектенов.

Финляндия Президенті Александр Стубб Қазақ­станның инвесторларға қолай­лы жағдай жасау бо­йынша жүргізіп жатқан жұ­­мыстарына оң баға беріп, екі ел арасындағы ынтымақ­тастықты тереңдетуге мүдделі екенін білдірді.