Оқушының бұл жобаға келуіне ұлт зиялысының көпшілікке беймәлім қырлары себеп болған.
«Мәшһүр Жүсіпті біз көбіне этнограф, тарихшы ретінде танимыз. Ал мен еңбектерін химия, география, биология тұрғысынан қарастырдым. Ол еңбектерінің бірінде судың табиғи айналымы мен будан су алудың жолдарын жазған. Мен осы идеяны заманауи технологиямен ұштастырып, тәжірибе жүзінде дәлелдедім. Тұманнан таза су алуға болатынын көрсеттім», дейді жас зерттеуші.
Мектеп оқушысы теңіз жағалауында орналасқан Маңғыстау өңірінде тұман жиі түсетінін, ал оның құрамындағы ылғалдылық 90 пайызға дейін жететінін атап өтті. Осы табиғи ерекшелікті тиімді пайдалану арқылы ауадан таза су алу әдісін ұсынған. «Мен бұл жобаны жергілікті әкімдікке ұсынғым келеді. Өңірде су тапшылығы өзекті. Егер тұманнан су жинау жүйесін орнатсақ, бұл ауыл шаруашылығы мен тұрмыстық қажеттіліктерге пайдалы болар еді», дейді Ержан.
Жас ғалымның ғылыми жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақжүніс Амалова оқушысының еңбегін ерекше атап өтті.
«Мәшһүр Жүсіп судың қасиеттері мен табиғи айналымын ғылыми тұрғыдан сипаттаған. Біз Ержанмен бірге осы ойды тәжірибе арқылы дәлелдеуді мақсат еттік. Үйінің маңына тор орнатып, түнгі тұман кезінде су тамшыларының жиналатынын көрсеттік. Кейін республикалық кезеңде ауа ылғалдандырғыш арқылы бұл үдерісті тәжірибе жүзінде дәлелдеп бердік», дейді Ақжүніс Оспанқызы.
Жоба бүгінде Маңғыстаудың табиғи жағдайына бейімделген экологиялық бастама ретінде қарастырылып отыр. Мұндай зерттеу жұмыстары тек ғылыми тұрғыда ғана емес, аймақтағы су тапшылығын шешуге үлес қосатын нақты қадам болмақ.
Маңғыстау облысы