Аймақтар • Бүгін, 07:58

Топқайыңға ауызсу берілді

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төрт жыл дегенде Топқайыңға су тартылып, тұрғындары бөркін аспанға атып жатыр. Бұл ауыл Өскемен мен Рахман қайнары күре жолының бойында жатқанымен, осы уақытқа дейін заман ағымынан кенжелеп қалған. Күні кешеге дейін интернет былай тұрсын, кәдімгі ұялы байланыс та болмаған. Биыл ғой, тұрғындардың тілегіне қарай интернет бағанасы орнатылды, Республика күні қарсаңында ауызсу берілді. Айтқандай, мерекеге орай Катонқарағай ауылында да денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.

Топқайыңға ауызсу берілді

Суретті түсірген – автор

Қабырғалы қаламгер Қалихан Ысқақтың ауылындағы ауыз­су мәселесі бүгінге дейін бір емес, бірнеше мәрте көтерілді. Ауылдың ортасындағы жалғыз құдық пен өзеннен су тасып ішіп отырған ел арыз-арманын айтып, жоғарыға неше мәрте шағымданған. Биыл сағызша созылған жобаға бел шеше кіріскен мердігер анықталған соң облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов Топқайыңға арнайы барған, жауапты органдарға қадап тұрып тапсырма берген. 1 қарашаға дейін ауылға ауызсу берілмеген жағдайда жауапкершіліктің барын ескерткен. Нәтижесінде, Республика күні ауызсу беріліп, уәде орындалды.

Еске салсақ, төрт жыл бұрын басталған бұл жобаға жауапты мердігер «QazConstructions» ЖШС міндетіне салғырт қара­ғандықтан, жұмыс уақ­тылы аяқ­талмай, халықтың наразы­лы­ғын тудырған. Жобаның жалпы құны әуелде 602,865 млн теңгені құраса, кейін мемлекеттен 77 млн теңге қарастырылған.

– Осы уақытқа дейін ауыл­­дың төменгі жағы құ­дықтан су ішсе, жоғарғы жағы өзеннен тасып ішіп отырды. Ауызсу тартылады дегелі төрт жыл болды. Әуелде қуанып едік, кейін жұмыс жүрмей қалды. Әйтеуір облыс басшысының қадағалауымен, тапсырмасымен жұмыс аяқ­талды. Қуанып жатырмыз, – дейді Топқайың ауылының ақсақалы Найманғазы Ибраев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы өңірлерді 100 па­йыз таза ауызсумен қамтуды тап­сыр­ған. Ол қаншалықты орындалады, жыл соңына қарай белгілі болар.

Мереке қар­са­ңында Катон­қарағай ауы­­лын­да денешы­нық­тыру-са­уық­тыру орталығы ашылды. Мұнда жас­өспірімдер мен балалар күрес­пен, бокспен айналыса алады. Волейбол мен футболға да зал бар. Одан бөлек жаттығу залы, бас­сейн қарастырылған. Кешен бас­шылығының айтуынша, дене­шынықтырумен айналысамыз деген аудан тұрғындарына да есік ашық. Кестеге сәйкес, жүйелі түрде спортпен айналысуға мол мүмкіндік.

Кейінгі жылдары ауыл-ауыл­да әлеуметтік нысандардың ­ашы­лып, тұрғындардың тұрақ­та­уына айтулы жағдай жасалып жатыр.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы