Үкімет • Бүгін, 15:00

Олжас Бектенов: Үкімет қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруды жалғастырады

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов жаһандық инвестициялар жөніндегі VIII қазақстандық дөңгелек үстелге (KGIR-2025) қатысушылармен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олжас Бектенов: Үкімет қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруды жалғастырады

Фото: primeminister.kz

Мемлекет басшысы атап өткен жаңа инвестициялық циклді іске қосу міндеттері аясында ҚР Үкіметі ел экономикасына шетелдік инвестиция көлемін ұлғайту мақсатында халықаралық компаниялармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Агроөнеркәсіп кешені, энергетика, коммуналдық секторлар және басқа да салалардағы ағымдағы және перспективалық жобалар аясында инвестициялық ынтымақтастық бағыттары қаралды.

Еуропалық қайта құру және даму банкінің вице-президенті Маттео Патронемен банктің Қазақстан аумағында инфрақұрылымдық жобаларға қатысу мәселелері талқыланды. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту бағыттарына назар аударылды.

Ресей, Беларусь, Кавказ және Орталық Азия аймағы бойынша PepsiCo компаниясының президенті Дэвид Манзинимен кездесу барысында Алматы облысында құрылысы аяқталуға жақын тұрған тұзды тіскебастарлар шығаратын зауыт жөніндегі жобаның іске асырылу барысы қаралды. Өңір әкімдіктеріне тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, инвестициялық жобаны қажетті инфрақұрылымдық шешімдермен қамтамасыз етуге одан әрі жәрдемдесу тапсырылды.

Fufeng Group директорлар кеңесінің төрағасы Ли Сюэчунмен Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеу бойынша тігінен интеграцияланған өнеркәсіптік парк жобасын жүзеге асыруға көңіл бөлінді. Өндіріс отандық шикізатқа негізделетін болады. Инвестор алдағы өндірісті іске қосу үшін «жылдам дәліз» тетігі шеңберінде қолайлы бизнес-ортаны және жасалған жағдайларды оң бағалады.

Кездесулердің қорытындысы бойынша Олжас Бектенов Қазақстан Үкіметі инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп және бизнес-жобаларды толық сүйемелдеуге баса назар аудара отырып, қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруды жалғастыратынын атап өтті. Жаңа өндірістерді іске қосу елдің өнеркәсіптік және экспорттық әлеуетін нығайту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу үшін стратегиялық маңызға ие.